Ақмола облысында 125 елді мекенді су басу қаупі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында 125 елді мекенді су басу қаупі бар

18.03.2021

Ақмола облысында 125 елді мекенді су басу қаупі бар. Сондықтан алдын алу шаралары қазір қарқынды жүріп жатыр. Биыл қар жылдағы орташа мөлшерден әлқайда көп. Целиноград, Астрахань аудандары және Атбасар қаласы аса қауіпті аймақтар қатарында.

Астрахань ауданындағы Ескі Колутон ауылына тасқыннан қатер күшті. 2017 жылы ауылды су басып, ел әбігерге түскен болатын. Биыл да қар қалың. Сондықтан тұрғындар 4 жыл бұрынғы апат қайталанады ма деп алаңдайды.

Күләш Омарова, Ескі Колутон ауылының тұрғыны:
Жыл сайын су келеді. 2017 жылы көп су келіп, 50 шақты үй суда қалған. Оның ішінде менің де үйім. Осы ақпан, наурыз айында, мінеки, көріп отырсыздар қанша қар түсті. Енді қорқынышты, алаңдаймыз.

Қазір өңірде өзен арналары жаппай кеңейтіліп, су өткелдері тазаланып жатыр. Аршалы, Целиноград, Астрахань, Атбасар аудандарында жұмыс қауырт. Дегенмен 9 елді мекенде жағдай күрделі. Бейқам жатқан басшыларға қатаң ескерту берілген.

Ермек Елберген, тілші:
Атбасар қаласына Жабай өзені қауіп төндіріп тұр. Жағалаудағы үйлердің көбі көшірілді. Дегенмен қазіргі уақытта 90-ға жуық баспана мен 1 мектеп қауіпті қызыл аймақта. Қаланы ағын судан мына бөгет қорғайды. Алайда биыл су деңгейі бұл бөгеттен де асып кетеді ме деген қауіп бар.

Күзгі ылғал жылдағы орташа мөлшерден едәуір көп. Жердің тоңы да қалың. Атбасардағы тоңның қалыңдығы 1 метрден асады. Қарғын су қосылса Жабай өзені қапы қалдыруы мүмкін. Тасқыннан сақтану үшін алдымен Жабай өзенінің арнасын тазалау керек дегенді мамандар жылда айтып келеді, бірақ мәселе шешілмеді.

Ерболат Әшкенов, Атбасар аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:
Жабай жылдан-жылға оның ені де, бойы да тарылып,өзіне үлкен көлемдегі жылда келетін көлемдегі су қабылдай алмайды. Өзінің арнасына байланысты. Арнасын тазалау жұмыстары 24 миллиард шамасында ақша қажет етеді. Осы жұмыстар жалғасын табатын болса, қауіп Атбасар қаласына азаяды.

Алдағы 10 күнде жағдай тіпті қиындауы мүмкін. Себебі сипониктер осы айдың соңында жауын-шашын көбейеді дейді.

Бақыт Мақажанова, «Қазгидромет» РМК Ақмола облыстық филиалының директоры:
Біздің болжам бойынша наурыз айының үшінші онкүндігінде ауа-райы жылынады. Айдың соңында ауа температурасы түнде де 0, + 3 градусқа дейін жылынуы күтілуде. Сәуірдің басы да жылы болады. Сондықтан қардың тез еру ықтималдығы жоғары.

Сақтық үшін өңірде 222 эвакуациялық орын әзірленген. Келесі аптада облыстағы ірі өзендерде мұз жару жұмыстары басталады. Сәуірдің ортасына дейін тасқыннан келетін қатер сейілмейді.

Ермек Елберген


Хабарламаларға жазылу