Қазақстан-Түркия байланысы нығая бермек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан-Түркия байланысы нығая бермек

18.03.2021

Наурыздың 30-31 күндері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Қазақстанға келеді. Мәртебелі мейман Түркістанда өтетін Түркі кеңесінің бейресми саммитіне қатыспақ. Бұл туралы Анкарада Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіні қабылдаған Түркия Президенті айтты.

Ал түркиялық әріптесі Мевлут Чавушоғлымен кездесуде екі ел арасындағы әуе рейстерінің санын ұлғайтып, сауда айналымын 10 млрд долларға жеткізу жайын талқылады. Бұдан бөлек қос министр темір жол арқылы тауар тасымалдау, Орталық Азияның өзге де елдерімен байланысты тереңдету сияқты бірқатар мәселелерді ортаға салды. 

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі:
Тәуелсіздіктің ақ таңы атқалы түрік компаниялары Қазаақстан экономикасының түрлі саласына келе бастады. Олардың қаржыландырумен 2700 жуық кәсіпорын жұмыс істеуде. Олар елімізге инвестиция салған алғашқы компаниялар арасында болды. Осы жылдары Түркиядан Қазақстанға 4,3 млрд доллар шамасында тікелей инвестиция тартылса, өз кезегінде Қазақстан Түркияға 3 млрд АҚШ долларынан астам сомаға инвестиция салды. 

Сыртқы істер министрі сондай-ақ түркиялық инвесторлармен де кездесті. Олардың қатарында елімізге инвестиция құюға мүдделі компания басшыларымен қатар, бүгінде қазақстанда ірі зауыттар салып, түрлі жобалар бойынша жұмыс істеп жатқан компаниялар да бар.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу