Шекара маңындағы ауылдардың мәселесі шешілетін болды. Атап айтқанда Бағыс елді мекенінің бағы жанады. Бүгін вице-премьер Ералы Тоғжанов Түркістан облысы Сарыағаш ауданына арнайы барып, тұрғындардың базынасын тыңдады. Олар жеке мүлік пен жер телімдерін рәсімдей алмай отырғандарын айтқан еді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығына арналған алқаптар мен жайылым жерлердің жетіспейтінін, судың да тапшы екенін жеткізді. Көгілдір отын да жоқ. Ералы Тоғжанов өңір әкіміне аталған мәселелерді түгел шешуді тапсырды. Агро салаға жарамды жерлерді анықтап және оның сумен қамтылуын қадағалауды да ескертті. Қыркүйекке дейін 6 ауылға газ тартылуы тиіс. Бағыс пен Хиябон ауылдарының шекаралық белгісін бекіту аса маңызды. 20-шы сәуірге дейін сол мәселе түбейгелі шешілуі керек. Мұнымен қоса Бағыста апатты мектеп орнына жаңасын салу жоспарланған. Интернет желісі де жаңғыртылады.