Еуропалық одақ «вакцинация паспортын» енгізуге дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропалық одақ «вакцинация паспортын» енгізуге дайын

16.03.2021

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 120 миллионнан асты. Індет екпе егу науқаны қарқынды жүріп жатқан елдерде де бәсеңдемей тұр.

Еуропалық Одақ «вакцинация паспортының» жобасын әзірлеп, ұсынуға дайын. Ол Шенген елдері арасында еркін қарым-қатынасты қалпына келтіру үшін жасалған. Құжатта адамның екпе алғаны, «ковидке» тапсырған тест нәтижелері көрсетіледі. Мұндай рұқсатнаманы Қытай, Израиль мен Бахрейн енгізіп үлгерді. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл мәселеде асығыстық жасамауға шақырып отыр.

Майкл Райан, ДДСҰ төтенше жағдайлар жөніндегі басшысы:
Вакцинация сертификаты саяхаттауға, мейрамханаға, мектепке баруға мүмкіндік береді. Алайда екпе әлі де мемлекеттер арасында біркелкі таратылмаған. Сондықтан, аталған құжатты халықаралық сапарлар үшін талап етуге болмайды.

Ал, Ресейде коронавирустың оңтүстікафрикалық штамы анықталды. Мутацияланған вирус екі адамнан тіркелген. Сонымен қатар, елде 28 адамнан «британдық» штамм табылған. Мамандардың хабарлауынша, «ковидпен» күресуге арналған вакциналар вирустың жаңа түрлеріне қарсы тиімсіз.

AstraZeneca екпесінен бас тартып жатқан елдердің қатары көбейіп келеді. Препаратты қолдануды Германия, Франция, Испания, Италия сияқты Еуропаның ірі мемлекеттерімен қатар, вакцинаның отаны – Швеция да тоқтатты. Енді оның денсаулыққа қаншалықты қауіпті екенін Дәрі-дәрмек жөніндегі агенттік тексереді.

Десе де Австралия AstraZeneca-ны пайдалануды жалғастыратынын хабарлады. Ал Таиланд премьер-министрі бүгін оның алғашқы дозасын қабылдады.

Жансая Қапасқызы


Хабарламаларға жазылу