Қазақстанда ғалым әйелдерге арнайы квоталар енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда ғалым әйелдерге арнайы квоталар енгізіледі

16.03.2021
Қазақстанда ғалым әйелдерге арнайы квоталар енгізіледі

Қазақстанда ғалым әйелдерге арнайы квоталар енгізіледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

«Біз ғалымдардың тағылымдамадан өтуі үшін 500 грант бөлу туралы тапсырма шеңберінде жұмысты ұйымдастырамыз. Сонымен қатар ҚР Президенті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында жас ғалымдарға кемінде 1000 ғылыми грант бөлуді тапсырды. Қаржыландыру бар, жұмыс жүргізілетін болады. Жас зерттеушілерге қолдау көрсету үшін біз ғылыми гранттарға конкурстар жариялау кезінде арнайы квота енгіздік. Қазір біз жас ғалым әйелдердің санына қатысты да дәл осындай квотаны енгіземіз деп шешім қабылдадық. Бұл туралы біздің ғалым әріптестерімізбен кездесулерде бірнеше мәрте айтылған болатын», – деді ол министрліктің алқа отырысында.

Министр коронавирусқа қарсы отандық вакциналарды әзірлеу барысы туралы да айтты. Қысқа уақыт ішінде биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары өте маңызды жұмыс жүргізіп, бірден бес вакцинаны әзірлеп шықты. Олардың алғашқы екеуі клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардан сәтті өтіп жатыр. Бүгінгі таңда отандық вакциналар өндірісін іске қосу үшін GMP-нің барлық талабына сәйкес келетін заманауи зауыт салынып жатыр. Ғылымды қаржыландыруды одан әрі ұлғайту жоспарланып отыр. Ғылымға арналған шығындар 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 1%-на дейін өседі. Бұл қазақстандық ғылымның дамуына жаңа серпін береді.

Хабарламаларға жазылу