Иманбек Зейкенов «Грэмми» жүлдесін жеңіп алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иманбек Зейкенов «Грэмми» жүлдесін жеңіп алды

15.03.2021

Мемлекет басшысы Grammy сыйлығына ие болған Иманбек Зейкеновті құттықтады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Facebook желісінде бөлісті.

«Президенттің атынан Иманбекті жарқын жеңісімен құттықтаймын және жаңа шығармашылық табыстар тілеймін!»,-деп жазған Берік Уәли. Қазақстандық музыкант Иманбек Зейкенов «Грэмми» жүлдесін жеңіп алғаны жайлы БАҚ жарыса жазып жатыр. Ол өңдеген «Roses» ремиксі бас жүлдеге лайық деп табылды.

Грэмми жеңімпаздарын таңдау биыл онлайн түрде өтті. Иманбек қазір Мәскеуде. Музыка әлеміндегі ең абыройлы марапатты жеңіп алғанын ол сол жақта жүріп білді.

«Музыкант мансабындағы ең биік жүлде-«Грэммиді» жеңіп алдық, біздің қолымыздан келді» деп жазды ол жеке парақшасында.

Айта кету керек, Ұлыбританияның ресми синглдар чартында Иманбектің ремиксі көш бастап, ютуб желісінде 150 млн-ға дейін қаралды.

Әлемді тәнті еткен Иманбек Зейкенов Павлодар облысындағы Ақсу қаласының тумасы. Теміржолшы мамандығы бойынша оқып жатыр. Ол үздік ремиксті бар-жоғы екі сағаттың ішінде жазып шыққан болатын. Павлодарлық жас дарын қазір танымал әртістермен бірігіп шығармашылығын шыңдауда.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу