Елімізде дипломы бар, жұмысы жоқ жастар көбейіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде дипломы бар, жұмысы жоқ жастар көбейіп барады

15.03.2021

Аймақтарда жастарды жұмыспен қамту мәселесі шешілмеген. Университет түлектеріне екі қолға бір күрек табу қиын. Мәселен, тек Ақтөбе қаласының өзінде жұмыссыздар тізімінде тұрған жастардың 60 пайызы ғана тұрақты жұмысқа орналаса алады екен. Ал, қалған 40 пайызы жұмыссыздар қатарын толықтыруға мәжбүр.

«Заңгер» мамандығы бойынша бір жыл бұрын диплом алған Рустам әлі жұмыс таппай жүр. Бармаған жері қалмады. Алайда, қай мекеме болмасын, бір желеумен шығарып салады дейді. Бүгін жұмыспен қамту орталығына келді.

Рустам Русланұлы, қала тұрғыны:
Былтыр бір жыл бұрын юриспреденция мамандығын бітірдім. Диплом алғаныма бір жыл болды. Жұмыс таба алмай жүрмін. Тәжірибе сұрайды.Тәжірибе болмағасын жұмыс жоқ.

Кез келген жұмыс беруші тәжірибелі қызметкерді таңдайды. Жұмыспен қамту орталығы арқылы «Жастар практикасына» барған мамандардың да барлығында бірдей тұрақты қызметке орналасу мүмкіндігі жоқ. Мәселен, Ақтөбеде 265 жас жұмыссыздар тізімінде тұр. Соның 86-сы жастар тәжірибесіне жіберілген. Тек үшеуіне ғана тұрақты жұмыс бұйырған.

Әсем Жолмұратова,  жұмыспен қамту орталығының маманы:
60 пайызын тұрақты жұмысқа алады. Қалғандарын мекемелер тұрақты жұмысқа алып қала алмайтындары бар. Олар біздің орталыққа келіп, тұрақты жұмыс қарайды. Басқа да біздің белсенді шараларымыздан жұмыс қарастырамыз. Бірақ көбінің басқа бағытқа кетіп қалатындары бар.

Елімізде жыл сайын мыңдаған түлек жұмыссыздар қатарын толықтырып келеді. Ал, оқу орнын аяқтаған соң үш жыл көлемінде ауылдық жерде жұмыс істеуге міндеттелетіндердің көбі жылдап оқу ақысына жұмсаған ақшаны қайтара алмайды. Бұл мәселе жөнінде Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева Білім және ғылым министріне депутаттық сауал жолдаған еді.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жас маман ауылға келген соң жұмыссыз ретінде есепке тұруға тиіс. Егер тіркелмесе немесе негізсіз есептен алып тасталса, оның үстінен шағым түсіріліп, ісі сотқа жіберіледі. Жұмыспен қамту орталықтары қоғамдық жұмыстар ұсынады. Егер бас тартса, тіркеуден шығарып тастайды. Сонда квалификациясы бар, білікті мамандар сондай жұмыс істеп жүруі үшін оқыды ма?

Мәжіліс депутаты жас маманға диплом бойынша мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жеке жұмыс орындарында да жұмыс істеуге мұрсат беру қажеттігін атап өтті. Айтуынша, соңғы екі жылда «Қаржы орталығы» АҚ-ның жас мамандарға қатысты түсірген сот шағымының саны үш мыңнан асып кеткен. Биржада есепте тұрып, заңсыз жұмыс істейтіндер де көп. Яғни,көбі амалсыз осындай қадамға баруға мәжбүр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу