Түркістан облысында демалыс күндері қатты боран соғып, 3 мыңға жуық электр бағаналары құлаған. Қазірдің өзінде 80-нен аса елдімекен жарықсыз отыр. Апатты жағдайға байланысты жедел штаб құрылған. Республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда да көктайғақтан бірнеше бағыт бойынша қозғалыс шектеліп, көлік кептелісі пайда болды.
Демалыс күндері соққан боран оңтүстік жұртын әбден әбігерге салды. Облыс аумағындағы Кентау және Арыс қалалары мен Бәйдібек, Ордабасы, Отырар аудандарында 80-нен аса елді мекенде электр бағаналары құлап, жұрт үш тәуліктен бері жарықсыз отыр.
Иса Елеусізов, облыстық ТЖД бас маманы:
Қазіргі таңда Кентау және Арыс қалалары мен Бәйдібек, Ордабасы, Отырар аудандарында 31 ауылдық округте 25559 абонент жарықсыз отыр. Ол жерде 2692 жоғары кернеулі бағаналары құлаған. Қазіргі таңда осыны қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Кентау қаласында жарық сөнген соң қазандық істен шығып, жергілікті халық екі тәулік бойы қоса жарықпен қоса жылусыз қалды. Сала басшылары үзілген электр желілерді жалғау жұмыстары бір айға созылуы мүмкін екенін жеткізді.
Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:
Бір ай деген нәрсе, бір аптаның ішінде бәрін орнына келтіру керек.
Өңірде қатты боран салдарынан электр бағаналары құлаған. Көк мұздан көлік жүре алмай,жол апаты көбейді. Созақ ауданындағы «Созақ-Тараз» тас жолында көктайғақтан жолаушылар тасымалдайтын автобус трассаның шетіне шығып кеткен. Абырой болғанда адамдар аман. Ал Түлкібас ауданында баланы ауруханаға алып бара жатқан жедел жәрдем көлігі жолдан тайып кеткен.
Қазір күн жылып, республикалық және облыстық маңызы бар жолдар ашылды. Кентау мен Арыс қалаларындағы елдімекендерге жарық берілді. Ал қалған үш ауданның халқына тағы бірнеше күн бойы жарықсыз отыруға тура келіп тұр.
Айнұр Ақбаева