ҰҚК өкілдері қаза тапқандарға әскери құрмет көрсетті
Бүгін ұшақ апатынан көз жұмған азаматтарға әскери құрмет көрсету рәсімі өтті. Қаза болғандарды жерлеу орнына жеткізу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің техникалары мен әуе көлік құралдары алынды. Жиналғандар қызметтік міндетін орындау кезінде жан тапсырғандарды еске алып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті орталық аппаратының ғимаратындағы ту төмен түсірілді.
Ал жантүршігерлік апаттан зардап шеккен екі адамның жағдайы тұрақты ауыр. 25 және 34 жастағы 2 азамат қазір жансақтау бөлімінде хал үстінде жатыр. Оларға бірнеше мәрте ота жасалған. Алайда, әзірге ешқандай өзгеріс жоқ, аман алып қалу үшін бар күшімізді салып жатырмыз, дейді дәрігерлер.
Дәурен Түсіпов, қалалық №4 клиникалық ауруханасы қосарланған жарақат бөлімінің меңгерушісі:
Қажетті операциялар, оталар керекті көлемде бәрі орын алды. Керекті мамандар шақырылып, консилиум өткізіп жатыр. Ақыл кеңестерін алып, біз сол ем шараларға айтылған ұсыныстарды қолданудамыз.
Бүгін апатқа ұшыраған АН-26 ұшқыштары мен әуежай диспетчері арасындағы әңгіменің аудиожазбасы жарияланды. Ұзақтығы жарты сағаттан асатын жазбадан ұшқыштарға айнала анық көрінгенін білуге болады. Бірақ, олар диспетчерге техникалық ақаулар туралы хабарламаған.
Айта кетейік, қазір ұшақ апатына қатысты арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер және қорғаныс министрлігінің өкілдері енді. Құзырлы органдар әзірге қайғылы оқиғаның себеп-салдары туралы ешқандай болжам айтқан жоқ.
Нұрхан Нұрланұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы