Түркістан облысында полицейлер тапшы. Халқы тығыз орналасқан аймақта қазір небәрі 2795 маман қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде. Яғни, өңірдегі әр полиция қызметкерінің жүктемесі екі есеге, тіпті кей жерлерде үш есеге дейін көп дейді жауаптылар. Мамандардың жетіспеуінен өңірде мал ұрлығы , есірткі бизнесі секілді қылмыс түрлері өршіп барады.
Аға инспектор болып істейтін Икрам Шадманов қасындағы үш жедел уәкілмен қаладағы Яссы шағын ауданның қауіпсіздігіне жауапты. Мұндағы халық саны 45 мыңнан асады. Яғни, әр қызметкерге он бір мың тұрғыннан келеді. Тұтас шағын ауданды тәртіп сақшылары жаяу аралайды. Себебі көлік жоқ. Түркістан облыс орталығы болғалы жүктеме көбейді, шұғыл шақыртулар жиіледі, сондықтан үлгермейтін кездеріміз болады дейді полицей.
Икрам Шадманов Түркістан қаласының учаскелік полицейі:Бізде мемлекеттік мекемелердің көп нысандары орналасқан. Ол жерлерде де халық көп шағымданады. Оған да біз барамыз. Одан басқа бізге қызметтік көліктер де қажет. Қазіргі таңда арнайы қызметтік көлік жоқ.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Түркістан қаласының тыныштығын қазір 200 ғана полицей күзетеді. Ал, облыстың қазіргі жүктемесін ескерсек өңірдегі тәртіп сақшыларының санын екі жарым есе көбейту керек. Әсіресе, патрульдік полицейлер, кәмелетке толмағандардың ісімен айналысатын мамандар , учаскелік полицейлер мен жедел уәкілдер және тергеушілер тапшы. Салдарынан өңірде аса ауыр қылмыс түрлері көбейген.
Мақсат Асқаров Түркістан облыстық ПД кадр саясаты басқармасының бастығы:Мал ұрлығы дейді. Сол жерлерде шынымен біздің жедел уәкілдер, тергеушілеріміз, учаскелік полиция инспекторлары жетіспеуде. Себебі, қылмыс өте көп орын алып жатқан. Оның барлығымен айналысу керек. Есірткі саласында да қылмыстар өсіп келеді.
Республика бойынша 100 мың тұрғынға шаққанда полиция қызметкерлерінің саны 386 болса, Түркістан облысында 185 . Яғни мұндағы тәртіп сақшыларының жүктемесі өзге өңірлерге қарағанда екі үш есеге дейін көп. Әсіресе, былтырғы Мақатарла мен Төлеби аудандарын су басқанда, Арыс оқиғасында мамандардың жетіспеушілігі қатты сезілді дейді жауаптылар.
Айнұр Ақбаева тілші:
Халқының саны көп Түркістан облысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өңірге үш жарым мыңнан астам тәртіп сақшысы керек. Штатты көбейту млрд-таған қаржыға кеп тіреледі. Сондықтан, Полиция департаментінің басшылығы Ішкі істер министрлігі мен жергілікті билікке арнайы ұсыным хат жолдады.
Айнұр Ақбаева