Балаларға қатысты қылмыстарды әйелдер тергейтін болады
Полицияның сервистік моделін енгізудің І-кезеңінде Ішкі істер министрлігінде қызметкерлер саны 11 пайызға азайды. Тәртіп сақшылары мемлекеттік органдар мен түрлі шараларды күзетуден босатылды. Ауқымды реформа полицияға қолжетімділік пен сенімді арттыруды көздейді. Алда атқарылар іс көп. Бұл туралы Сенаттың Үкімет сағатында айтылды. Құқық қорғау саласында қандай өзгерістер болуы мүмкін? Дарын Сағитов тарқатады.
Ішкі істер органдарын бейінді емес функциялардан босату аясында биыл тәртіп сақшылары 580-нен астам нысанды күзетуден босатылады. Учаскелік пунктер, мобилді бекеттер ашып, цифрлық технологяны пайдалануға басымдық беріледі.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:«Халыққа құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыру үшін азаматтарды қабылдау тәртібі өзгерді. Барлық қалалар мен аудандарда 252 азаматтық қабылдау бекеттері құрылды.
Пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық саны артты. Оның ішінде балаларға қатысты қылмыстар 800-ден асады. Енді оларды тергеу тетіктері өзгереді.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:Президент тапсырмасына сәйкес, біз ортақ мәмлеге келдік. Енді балаларды зорлау бойынша қылмыстарды әйелдер тергейтін болады. Жәбірленуші қылмыстың детальдарын егжей-тегжей ер адамға айта алмауы мүмкін.
Сенаторлар құқық қорғау органдарының қызметкерлері зейнетке тым ерте шығады дейді. Мәселен Германия, Канада, АҚШ, Жапония сынды озық елдерде тәртіп сақшысы 65 жаста демалысқа шығады. Көрші Ресейде полковниктер 60 жастан зейнеткер атанады.
Әбдәлі Нұрәлиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:Қазақстанда қызметкерлердің шекті жасы полковниктер үшін 55 жас. Сол себепті әлі де болса жұмысқа жарамды кәсіби кадрлардың тұрақсыздығы байқалады.
Елімізде полиция өкілдері шеніне қарай 45-55 жас аралығында зейнеткерлікке шығады. Тәжірибе жинақтап, жастарға бағыт-бағдар берер тұста білікті кадрлар басқа жұмыс іздеуге мәжбүр. Министр қазір бұл бағытта жұмыс тобы құрылып, зейнет жасы қайта қаралуы мүмкін дегенді айтты.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:Мысалы майорларға 52 жастан зейнеткерлікке шығуға мүмкіндік беріледі. Подполковниктерге 55 жастан, полковниктерге 58 жастан, жоғары басшылық құрамдарға 63 жастан.
Реформа аясында учаскелік полиция инспекторының мәртебесін арттыруға басымдық беріледі. Сержанттар, кинологтар, учаскелік полиция көмекшілері, күзет және басқа қызметтерге жалақы 3 жыл ішінде 15-тен 58 пайызға дейін көтеріледі. Жалпы сервистік модельді заңнамалық қамтамасыз етуде Парламентке артылар жүк ауыр, - деді төраға орынбасарды.
Нұрлан Әбдіров ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары:Заңнамалық бастамаларды сапалы пысықтау ісіне басымдық беруі қажет. Біз қабылдаған заңдар уақыт талабына және қоғам мен мемлекетіміздің қазіргі заманғы даму үрдісінен туындайтын сын-қатерлерге толық сәйкес келуге тиіс.
Сервистік модельді енгізуде ведомство Жапония сынды озық елдің тәжірибесін ескеріп отыр. Полиция азаматтарға қолжетімді, халықпен серіктес болуы тиіс. Басты қағида - осы.
Дарын Сағитов
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы