Павлодарда көктайғақтан бір тәулікте 80 адам жарақат алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда көктайғақтан бір тәулікте 80 адам жарақат алды

12.03.2021

Павлодарда көктайғақтың кесірінен соңғы тәулікте 80-ге тарта адам жарақат алып, дәрігер көмегіне жүгінді. Олардың 20 пайызы түрлі сынықпен ауруханаға жатқызылған. Қаланың коммуналдық қызметі көшелерге таңғы 5 тен бастап құм сеуіп жатыр. Бірақ нәтиже шамалы. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар нағыз көкмұзға айналған. Салдарынан 2 –ші күн қатарынан мектептер онлайн оқып жатыр.

Жанболат Ғазизов,   қалалық №1 аурухананың травмотолог дәрігері:
Соңғы кездегі көктайғаққа байланысты травматология пунктіне науқастардың келуі жоғарылады. Бұл яғни, көктайғақ салдарынан тобық сүйектерінің, қара жілік, білек сүйектерінің сынықтарымен көбіне келіп жатады. Ол науқастардың жартысынан көбі амбулаториялық көмекке бағытталады.

Ақмола облысында 56 адам уақытша жылыну орталықтарына жайғастырылды. Олар блок-бекеттерде жолдың ашылуын күткен жолаушылар мен жүргізушілер. Кеше боранға байланысты өңірде бірнеше бағыт бойынша жолдар жабылған еді. Дегенмен шектеуге дейін сапарға шығып кеткендер болды. Сондықтан құтқарушыларға қар құрсауында қалған көліктерді шығаруға тура келді. Сондай-ақ, бір жүкті әйел перзентханаға және сырқаттанып қалған бала ауруханаға арнайы көлікпен жеткізілді.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу