Ақтөбе облысында жыл басынан бері 85 өрт оқиғасы тіркелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында жыл басынан бері 85 өрт оқиғасы тіркелді

10.03.2021

Ақтөбе облысында өрт оқиғалары көбейіп кетті. Жыл басынан бері 85 жағдай тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 45 пайызға көп. Әсіресе, газ баллондары мен жылыту пештерін дұрыс пайдаланбаудың кесірінен зардап шегушілер азаяр емес. 

Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл оқиғаға да газ қондырғысындағы ақау себеп болған. Абырой болғанда, өрт кезінде үйде адам болмапты. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, баспананың сау-тамтығы қалмаған.

Бұл үй өткен демалыс күні өртенген. Мамандардың алдын ала болжамы бойынша ескі пештің аузы ашық қалып, өрт содан тұтанған. Отбасындағы 8 адам қазір тәуліктеп пәтер жалдап жүр.   

Венера Сырлыбаева, қала тұрғыны:
Не киіміміз жоқ, не техникамыз жоқ, не көрпеміз жоқ. Пәтер жалдап жүрміз, міне, үшінші күн.

Жыл басынан бері облыста өрттен 4 адам қаза болып, 8-і жарақат алды. Тілсіз жаудың басым бөлігі жеке тұрғын үй секторына тиесілі. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға көп. Мамандардың айтуынша, тұрғындар газ баллонының жарылуынан жиі зардап шегіп жатыр.

Аслан Арзымбетов,  ТЖД бас маманы:
Оны 80 пайызға толтыру керек. Бізде дұрыс толтырылмайды. Ішінде конденсат бар, үстіне құйылады, салқыннан жылыға кіргенде жарылыс пайда болады. 

 Өңірде соңғы кездері көліктердің өртенуі де жиілеген. Екі ай ішінде сондай 26 оқиға тіркеліпті. Мамандар оның дені Ресейден келетін ескі көліктер екенін айтады. Газ қондырғыларына арнайы бақылаудың жоқтығы да жағдайды қиындатып отыр. Ал, төтенше жағдайлар департаментінің әзірге ескерту жасаудан басқа амалдары жоқ. 

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу