Басты Жаңалықтар Елордалық құрылыс компаниясы бір пәтерді бірнеше адамға сатқан

Елордалық құрылыс компаниясы бір пәтерді бірнеше адамға сатқан

Соның кесірінен, 10-нан астам отбасы енді үйсіз қалуы мүмкін. Өйткені, олар пәтерді заңды түрде сатып алғанын дәлелдей алмай әлек.  Бұл азаматтар «Семейный» тұрғын үй кешенінен 2015-2016 жылдары пәтер алған. Бірақ, үйлеріне былтыр ғана қол жеткізген. Алайда, құрылыс ұзаққа созылса да, қуаныш ұзаққа созылмады. Өйткені, үйіне кірген кезде баспананың басқа иесі бар екенін білген.

Қамбар Ақтанов, пәтердің бірінші иесі: 
Осы үйді алты жыл бойы күттік. Бізге айтпай, сыртымыздан 2020 жылы 15 қарашадан бастап үйдің құжаттарын бере бастаған кезде үйді басқа бір адамдарға сатып жіберген.
Гүлдана Аманова, пәтердің бірінші иесі: 
Қолын, мөрін қойды. Ешқандай қарыз жоқ. Сол жерде ақшасын беріп алған квартира.

Тұрғындар өз құжаттарының дұрыс екеніне кәміл сенімді. Бірақ, пәтерді кейін 2019 жылы сатып алған екінші иелері де өздерінің ісін заңды дейді. 

Қанат Қапашев, пәтердің екінші иесі: 
Келісімшарт бойынша, шотты банк арқылы ақшасын бердік. Басқа біреуге сатылған деген, біз оны білгенде жоқпыз. Қазір енді соттасып жатырмыз.

Осылайша, екі тарап үйдің шын иесі кім екенін дәлелдей алмай жүр. Ал, құрылыс компаниясы өкілінінің сөзінше, пәтерлерді алғашында компанияның өзі емес, ортадағы делдал азамат сатқан.

Аян Әлімханов, құрылыс компаниясының директоры: 
Үйлерді сатқан сол делдал тұрғындар төлеген қаражатты компанияға өткізген жоқ. Фискальды чектерді де тапсырмаған. Сол себепті, біз тұрғындармен ескі келісімшартты бір жақты бұзып, ол үйлерді басқа азаматтарға сатып жібердік.

Ал, тұрғындарға үйді сатқан делдал азамат компанияға қарызым жоқ,-дейді. Тіпті, кезінде өзі де осы компанияда жұмыс істепті.

Шыңғыс Әлекенов, үйлерді сатқан делдал азамат: 
Мен ақшаны қолма-қол төлегенмін. Сондықтан, олар үйдің бүкіл құжаттарын маған берді. Тіпті, кассалық ордер де, менің компанияға қарызым жоқ екенін дәлелдейтін анықтамалар да бар. Мен сол арқылы ғана басқа азаматтарға үйді саттым.

Осылайша, нағыз кінәліні табу қиындап кеткен. Ал, қазір бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Қайрат Артықов, қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы бастығының орынбасары: 
Осы қылмысқа қатысы бар ТОО Sat Construction компаниясының жұмыскерлері, басшылары қарастырылып жатыр. Бұл компанияның құжаттары алынған, техникалық сараптама жасалып жатыр.

Тергеу сотқа жетіп, одан қай тарап жеңсе де, бәрібір оннан астам адам үйсіз қалуы мүмкін. Ал, құрылыс компаниясының кінәсі анықталса, ол үйсіз қалғандарға өтемақы төлеуі тиіс.


Амангелді Сейітхан 

Бөлісу