Қостанай облысында 13 адам қар құрсауынан құтқарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында 13 адам қар құрсауынан құтқарылды

09.03.2021

Бүгін түнде Қостанай облысында 13 адам қар құрсауынан шығарылды. Жітіқара-Чайковский және Жітіқара-Забелов тас жолында екі көлік ақ ұлпаның тұтқынында қалды. Құтқарушылардың күшімен қос темір тұлпардағы сегіз адам және жолда адасқан бір адам эвакуацияланды. Сонымен қатар Әулиекөл ауылынан 38 шақырым жерде жеңіл көлік омбы қарда қамалды. Оның ішінде төрт адам болған. Құтқарылғандардың бәрі медициналық көмектен бас тартқан. Жалпы облыс аумағындағы қар басып қалатын 269 учаскенің бәрі құтқарушылардың бақылауында. 

Сапаш Серкебаев, ТЖД бөлім бастығының міндетін атқарушы: 
Қазірдің өзінде 23 жылыту бекеті дайын тұр. Олар тәулік бойы істейді. Соңғы үш күнде жеті рет құтқару операциясы жүргізілді. Дауылды ескертуге байланысты әзірге Арқалық қаласында полицейлермен бірлескен бекет қойылған.

Ақтөбе облысында өткен тәуліктерде жолда қалған 18 адам құтқарылды. Олардың арасында балалар да бар. Кеше Қобда ауданының аумағында 3 көлік қар құрсауынан шығарылды. Ақтүтек боран мен көктайғақ «Ақтөбе-Орынбор» бағыты мен облыс орталығынан Мәртөк ауданына барар жолдағы қатынасты қиындатты. 


Хабарламаларға жазылу