Шығысқазақстандық Жанна Жабекова арбаға таңылса да ауыл балаларын өнерге баулып жүр
Шығыс Қазақстандағы Көкпекті ауылының тұрғыны Жанна Жабекова бірнеше жыл бұрын жол апатына түсіп, арбаға таңылса да, тағдырдың ауыртпалығына төтеп берген жігерлі жан. Он саусағынан өнер тамған шебердің жасаған ойыншықтары мен өзге де бұйымдарына елімізден бөлек алыс-жақын шет елдерден сұраныс көп.
Шебер негізінен жұмсақ ойыншықтарды жасаумен айналысады. Бастапқыда бос отырмай, уақыт өткізіп, қолы жаттығу үшін мультфильмдер мен ертегі кейіпкерлерін сомдаған. Қазір сол ермегі кәсібіне айналды.
Жанна Жабекова, қолөнер шебері:Мен алғашында саусақтарыма жаттығу болсын деп, ине ұстап, тігінмен айналысқанмын. Бірте-бірте бұл менің сүйікті ісіме айналды. Дамыта бастадым. Бәрі құлшынысқа байланысты. Алдыма үлкен мақсат қойдым. Жоспарымның барлығы орындалып келеді.
Шебер ісін уақыт өткен сайын жетілдіріп келеді. Бастапқыда ескі тігін машинасымен түрлі бұйымдар жасаған. Кейіннен заманауи құрылғылар алып, кәсібін дамыта түсті. Тапсырыс толассыз. Ауылдан бөлек еліміздегі түрлі кәсіпорындармен байланыс орнатқан. Тіпті ғаламтор арқылы алыс-жақын шет елдерден өнімін сатып алатындар көп.
Жанна Жабекова, қолөнер шебері:Ресейден, Мәскеуден көп тапсырыс берді. Бірнеше адам Лондоннан тапсырыс берді, Испания сынды алыс мемлекеттерден де хабарласып жасаған туындыларымды сатып алатындар бар.
Қазір Жанна ауыл балаларын өнерге баулып жүр. Екі жылдан бері үйірме ашып, білгенін жастарға үйретеді. Шәкірттері өнер байқауларының жеңімпазы.
Аруна Мерсалықова, 5-сынып оқушысы:Менің ұстазым алтын адам. Себебі ол кісі бізге өзінің неше түрлі білген затын үйретіп бізге осындай әдемі ойыншықтар, заттар жасауды үйретеді. Қолымда қазақ қызының костюмы. Бұны маған менің ұстазым үйретті. Және де бұл қуыршақ арқылы мен бас жүлде иеленіп алдым.
Шебер түрлі республикалық форумдар мен сайыстардан шет қалмайды. Беделді байқаулардың талай мәрте жүлдегері атанған. Болашаққа деген жоспары көп. Кәсібін әлі де кеңейтіп, ауқымды өндіріске айналдыруды көздейді.
Ержан Жақып
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
