Салдарынан жұрт малын өріске шығара алмай отыр. Мәселен, Арыстанды, Қаратас ауылдары мүлдем қоршауда қалған. Ауыл маңайындағы жердің біраз бөлігі егіс алқаптары болса, енді бір бөлігі жекенің қолына өтіп кеткен. Ауыл тұрғындары көктем шықса, мал қайда өрістейді деп алаңдаулы.
50-ден астам түтіні бар ауыл тұрғындары малмен күн көріп отыр. Арыстанды елді мекенінде шамамен, 2 мың бастан астам уақ мал, 300 сиыр, 100-ден астам жылқы бар. Алайда қазір осыншама төрт-түлікті жаятын өріс жоқ. Төңіректегі жер түгелдей егістік. Ауылдағы ағайын қоршауда қалдық деп күйінеді.
Төлеген Ыдырысов, Арыстанды ауылының тұрғыны:Сиырдың сүтін сауып күн көріп отырған 25 төмен отбасы бар осы Арыстандыда және Қаратаста. Бәрі осы малмен күн көріп отырғаннан кейін тұрғылықты халықтардың осы мал жайылымдығын және егістігін шешіп берулеріңізді өтінеміз. Дау қылмай.
Вәли Ахметовтың айтуынша, бұған дейін жұрттың мал жаятын 500 гектардай жері болған. Алайда өмір бойы жайылым болып келген алқап жекенің қолына өтіп кеткен. Бұл туралы тұрғындар малдарын өріске шығарғанда бірақ білген. Енді ауыл халқы малды тастаққа жаюға мәжбүр.
Вәли Ахметов, Арыстанды ауылының тұрғыны:Қысылып отырмыз. Малымыздың бәрі ақсақ. Қойымыздың бәрі іш тастады. Қайда барамыз.
Тұрғындар проблеманы жергілікті әкімдікке айта-айта күдерін үзген. Мәселе жиындарда талай рет көтерілгенімен, еш нәтиже шықпаған. Енді облыс деңгейінде көмек сұрауды ұйғарып отыр. Ал аудандық әкімдік өкілдері жайылым мәселесін шешуге кәсіпкерлік нысандарын тексеруге жарияланған мораторий кедергі болып тұр дейді.
Олжас Көкей, Сарысу ауданы әкімінің орынбасары:Шаруашылықтар бар жерді алып пайдаланбай отырған. Сол шаруашылықтарға біз мониторинг жүргізіп осы дәл қазір екі ірі жер пайдаланушы тұр. Тағы да майда-шүйде шаруашылықтар бар жұмыс істемей отырған. Бұл шағын кәсіпкерлікке және орта кәсіпкерлікке мораторий жарияланғандықтан осы бізге кішкене әрине жұмыста қиындық тудыруда.
Облыстық жер қатынастары басқармасы жүргізген талдау кезінде өңірде 1,3 миллион гектар жайылымдық жері бар 4600-ден астам шаруашылық анықталған. Тексеру кезінде олардың ешқайсысында бірде-бір мал тіркелмегендігі анықталды. Енді оларға шара қолдану үшін тізім аудан әкімдіктеріне жолданды.
Сәбит Әлдебай