Басты Жаңалықтар Шығысқазақстандық тұрғындардан әлеуметтік төлемді қайтаруды талап етіп жатыр

Шығысқазақстандық тұрғындардан әлеуметтік төлемді қайтаруды талап етіп жатыр

Шығысқазақстандық тұрғындардан бала күтіміне байланысты 1 жасқа берілетін жәрдемақыны қайтаруды сұрап жатыр. Таяуда 250-ден астам отбасыға 3 жыл бұрын әлеуметтік төлемді заңсыз алдыңдар деген хат келген.  

Мұхит Басболатовтың отбасында 3 бала бар. 2018 жылы кенжесі туған. Сол кезде бала күтіміне байланысты жәрдемақыны өз атына рәсімдепті. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары солай тиімді деп кеңес берген. 

Мұхит Басболатов, қала тұрғыны:
Әйеліңіз жұмыс істейме? Жоқ, жұмыс істемейді дедім. Сіз жұмыс істейсіз бе? Ия, мен жұмыс істеймін дедім. Жалақы қанша? Осынша-осынша дедім. Онда айына сізге ақша шығады, сіз көбірек аласыз деді. Мен жарайды деп, өз мәліметтерімді бердім. Енді 486 мың теңге қайтару керек деп жатыр. 

2018 жылы Өскеменде осылай 254 баланың әкесіне әлеуметтік төлем тағайындалған. Олардың барлығы бала бір жасқа толғанға дейін мемлекеттен жәрдемақымен қоса, жұмыс орындарынан жалақы алып жүрген. 

Әйгерім Әбитжанова, қала тұрғыны:
Мен олай істеуге болама деп сұрадым. Өйткені, менің жолдасым ары қарай жұмыс істейді. Ол кезде олар айтты, жоқ, қазіргі заңмен болады деп. 

Бірақ халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері өздеріне тағылған айыппен келіспеді. 

Азамат Есемболов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиал басшысы:
Қай кісі келді, біз содан қабылдаймыз және құзырлы органға жібереміз. Құзырлы орган тағайындай ма, тағайындамай ма өздері шешім қабылдайды. 

Аталған жәрдемақыны тағайындайтын орган болса заңға сай әрекет еттік деп отыр. Ол кезде әлеуметтік төлем алатын адамның жұмысы туралы мәлімет жинау міндетімізде жоқ еді дейді.  

Нұрлан Қыстаубаев, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» ақ облыстық филиал директоры:
Ол кезде біздің ондай құқығымыз болған жоқ. Өйткені, біз ол кезде тапсырылған құжаттарды ғана тексере алатынбыз. 2018 жылғы шілдеден бастап заңға өзгерістер еңгізілді. Оларды жұмыс берушілеріне хат жолдап, егер олар бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шықпаса, оларға жәрдемақы тағайындаудан бас тарттық.

Өскемендегі 254 адам бюджетке жалпы сомасы 200 миллион теңгеден астам қаржыны 10-шы наурызға дейін қайтаруы тиіс. Жалпы, олар әлеуметтік төлемді заңсыз алды деген сыбыс қалалық прокуратура тексерісінен кейін шықты. Ойда жоқта бюджетке 400 мыңнан бастап 1,5 миллион теңге дейін берешек болып қалғандар әділдікті соттан іздемек.

Берік Көшербай

Бөлісу