Алматылық оқушылар мен студенттер дәстүрлі оқуға көшеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық оқушылар мен студенттер дәстүрлі оқуға көшеді

03.03.2021

Алматыда бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің оқушылар мен студенттердің оқу жүйесіне қатысты жаңа қаулысы шықты. Құжатқа сәйкес жоғары оқу орындары мен колледждердің 1-курс студенттеріне жатақханаға орналасуға рұқсат берілді. 

Сондай-ақ штаттық режимде білім алуына да мүмкіндік бар. Алайда студенттер күшейтілген санитарлық талаптарды сақтауы тиіс. Жандарбек Бекшиннің қаулысына сәйкес мектеп оқушыларының да үшінші тоқсанды қалай жалғастыратыны белгілі болды. Енді 300 оқушыға дейінгі мектептерде дәстүрлі форматта оқуға рұқсат етілді. Білім ошақтары санитарлық эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауға міндетті. Қазір Алматыда 287 мыңнан астам оқушыны қамтып отырған 278 мектепке бар. Бекшиннің қаулысы бойынша 21 мыңға жуық оқушы мектеп партасына оралады.

Қайрат Жұманов, қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
1-5 сынып оқушылары ата-аналарының өтініші бойынша сыныптағы балалар саны 25 адамға дейінгі санитарлық-эпидемиялық режимді сақтай отырып, халықаралық мектептерде 1-7 сыныптар аралас оқыту форматына көшеді.

Сондай-ақ Алматыдағы кәсіпкерлік нысандар келушілерді QR-код арқылы кіргізе бастады. Қазір «Ashyq» қосымшасын қала бойынша 27 мекеме пайдалануда. Олардың қатарында фитнес, боулинг, компьютер клубтары және моншалар мен бассейндер бар. Келушіде смартфон болмаған жағдайда мекеме қызметкерлері клиенттің келісімі арқылы ақпараттық жүйенің көмегіне жүгінеді. Талапқа сай «сары», «қызыл» түс анықталғандар нысанға жіберілмейді. Қалалық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы пилоттық жобаға қатысатын объектілердің тізімін анықтайды. Олар санитарлық бақылау департаментіне жаңарған ақпараттарды апта сайын жеткізіп отыруы тиіс.

Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу