Елімізде әйелдердің қызмет етуін шектейтін 200-ге жуық мамандық бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде әйелдердің қызмет етуін шектейтін 200-ге жуық мамандық бар

03.03.2021

Елімізде әйелдердің қызмет етуін шектейтін 200-ге жуық мамандық бар. Бұл шектеулер «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заңға қайшы. Қыз-келіншектердің еңбек жолында әділетсіз қарым-қатынасқа жиі кезігетіні де ешкімге жасырын емес. Қандайда бір дискриминацияға ұшыраған мамандар қайда жүгінеді? 

Жанна - заңгер. Осы салада жүргендіктен еңбек жолында әділетсіздікке жолыққан мамандарды жиі кездестіреді. Олардың көпшілігі қыз-келіншектер. Бала күтіміне байланысты жиі сұранып, кезекті декреттік демалысқа шығатындықтан жұмыс берушілер әйел адамды қызметке алғысы келмейді. 

Жанна Мұхамади, заңгер:
Мен өзім де мұндай жағдайға тап болғанмын. Әріптесім екеуміз бірдей қызметте отырсақ та, оның жалақысы жоғары еді. Мен басшылықтан себебін сұрасам, ол отбасын асырау керек, ал сені күйеуің асырайды деген жауап алдым. Бұл адамды жынысына қарап бөлу ғой, яғни заңға қайшы дискриминация. 

Осындай жағдайға тап болған кез келген маман заң тұрғысынан өзін қорғауға құқылы. Отбасындағы көп жауапкершілік әйел адамның мойнында болғандықтан, қызметтік тұрғыда оларды керісінше қолдау керек дейді заңгерлер. 

Жанна Мұхамади, заңгер:
Еңбек инспециясына немесе кейбір компанияларда келісім коммисиясы бар, сол жаққа, тіпті болмаса, бала күтіміне орай көп демалыс алады деп жұмыстан шығаруға қорқытқан жағдайда дискриминация ретінде сотқа шағымдана алады. Себебі конституция бойынша кез келген дискриминацияға тиым салынады. 

Еңбек кодексінде Әйелдер еңбегін пайдалануды шектейтін жұмыстардың тізімі жарияланған. Бастапқыда бұл тізімге 287 қызмет түрі еніп, кейін 191 мамандыққа қысқарды. Өзбекстан мен Украинада мұндай тізім толығымен жойылған. Молдовада тек жүкті, босанған немесе бала емізетін әйелдерге қатысты ғана шектеулер бар. АҚШ-та гендерлік шектеулері мүлдем жоқ. Ресей мен Беларусьте тек 79 мамандық бұл тізімге енген. 

Ләззат Рамазанова, ҚР Мәжіліс депутаты:
Былтыр әйелдер мен жастарға 30% квота беруді көздейтін маңызды шешім қабылданды. Сәйкесінше, Парламент Мәжілісінде әйелдердің үлесі 27%-ы құрады. Облыстық маслихаттарда олардың қатары 15-тен 27%-ға, ал аудандық маслихаттарда 23-тен 32%-ке артқан. 

Дегенмен саяси мемлекеттік қызметкерлер арасында бұл көрсеткіш әлі де төмен. Жоғары табысты салалар мен квазимемлекеттік секторлардың басшылық қызметінде әйелдер қатарын арттыру керегін Президент те қадап айтты. Себебі, елімізде қоғамның 52%-ын нәзік жандылар құрайды. Ал әлемдік тәжірибеге көз жүгірсек, әйелдердің саяси қызметке атсалысуы сол елдің өмір сапасына оң әсерін тигізуде.

Ақниет Балтанова, Қуан Нұрақын 

Хабарламаларға жазылу