Түрікменстаннан 153 қандасымыз елге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түрікменстаннан 153 қандасымыз елге оралды

02.03.2021

Шынайы құрмет пен ізгіліктің мерекесі еліміздің әр түкпірінде тойланды. Қиын-кыстау кезде қазақ елінен қорған тапқан талай ұлт пен ұлыс халқымызға ризашылығын білдірді. 

Ақтөбе өңіріндегі Болгарка ауылына болгар этносының қоныс аударғанына биыл 100 жыл. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда өзгелер тарихи отанына көшкенде олар қозғалған жоқ. Ауыл ішінде музей бар, ескі жәдігерлер бір ғасыр бұрын көшіп келген халықтың тарихынан сыр шертеді. Алғыс айту күніде «Вяра» болгар этномәдени бірлестігінің мүшелері ауылдағы бірнеше отбасыға сый-сияпат жасады. 

Михаил Бошков, ауыл тұрғыны:
Қазақ деген бауырға жақын адам ғой. Біз де сол. Қазақ халқына алғысым шексіз.

Алматы облысындағы кәріс ұлтының өкілдері «Қазақ еліне мың алғыс» деп аталатын монумент жанына жиналып, Алғыс айту күнін атап өтті. Қиын-қыстау шақта бауырға басып, көмегін аямаған қазақ еліне ризашылығын білдірді. Олар монумент маңына ағаш отырғызып, өз ықыластарын жеткізді. 

Владимир Ли, облыстық корей этномәдени бірлестігінің төрағасы:
Шын мәнінде де осы жерге келсек ерекше толқыныс сезімдері пайда болады. Келешекте бұл маң туристердің жиі келіп,тек біздің ғана емес сол кезде қазақ жеріне көшірілген көптеген ұлттардың тарихын танитын орын болады деп сенемін. Сол нәубет жылдары барша халықты бауырына басып, пана беріп, аман қалуына себепші болған қазақ еліне алғыс айтамыз.

Қызылордада үйі өртеніп, сәбиінен айрылған көпбалалы отбасы осы күндері баспаналы болды. Бір күнде үйсіз-күйсіз қалған жанұяға халық қол ұшын созып, сүйеу болды. Бүгінде балалардың анасы Дамира әлі ауруханада жатыр. Текебаевтардың жаңа шаңырағына облыс әкімі барып, ізгі тілегін жеткізді. 

Ләззат Ахметова, Дамираның анасы: 
Қызыма да алғыс айтамын. Немерелерімді аман-есен құтқарғаны үшін. Ешқандай ананы баласымен сынамасын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Бүкіл қазақ халқына алғыс айтамын.

Түрікменстанда туып-өскен бір топ қандасымыз елге оралды. Туған жеріне табан тіреген 153 адамның біразы Маңғыстауға қоныстанбақ. Кейбірі Жамбыл, Ақтөбе облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларына барып тұрақтайды.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу