Қазақтың жақсылығы ұмытылмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақтың жақсылығы ұмытылмайды

01.03.2021

«Қазақстан - әлемдегі жұмақ, ел халқының мейірімі - сарқылмас бұлақ». Германияда тұратын байырғы қазақстандық немістер осылай дейді. Алыс жолдан азып-тозып жеткен жұртты қазақ халқы бауырына басып, қолдан келген көмегін көрсетті. «Қазақтың сол жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз» деген неміс ұлтының өкілдері барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, алғыстарын білдіруде.

Жергілікті жұрт «қазақтар» деп атап кеткен байырғы қазақстандық немістер жылда осы күні мерекені дүркіретіп тойлап, қазақтан көрген жақсылығын еске алады. Пандемияның кесірінен биыл бәрі үйлерінде атап өтіп жатыр. Бірі есігінің алдына Қазақстанның туын тіксе, өзгелер жүрекжарды лебіздерін ғаламтор арқылы жаудыруда.

Райнгольд Бауэр, байырғы қазақстандық неміс:
Қазақтар ат арбамен келіп, бос келген жоқ, құрт, май, сүт, нанын ала келген. Немістерді отырғызып Саржалға апарған. Сонда үй-үйге таратып ақырғы нанмен бөлісіп орын беріп, төсек салып қарсы алған. Сол үшін бүкіл қазақ халқына иіліп рахмет айтам.

«Қазақ, Қазақстан десе ішкен асын жерге қоятындардың бірі - Паул Фредрих. Павлодардың Ақсуында туып өскен ол 30 жыл бұрын отбасымен тарихи Отанына оралыпты. Кәсіби музыкант қазақ әндерін шырқап, той басқарады.

Паул Фредрих, байырғы қазақстандық неміс:
Бәр қазақстандықтарды, құрдастарымызды мерекесімен құттықтаймын. Денсаулықтарыңыз аман болсын.

Паулдың арқасында қазір Дос Мұқасанның «Той жыры», «Шудың бойында», «Мен қазақпын» әндері тұрғылықты немістердің арасында да хитке айналған. Қазақ халқының рухани қаһармандығына құрметтің белгісі ретінде жерлестеріміз өзара қазақша сөйлесіп, қазақтың салт-дәстүрін сақтап келеді.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу