Шығыс Қазақстанда 5 мың халқы бар ауылда емхана жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда 5 мың халқы бар ауылда емхана жоқ

01.03.2021

Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай ауданында 5 мың тұрғыны бар Тұғыл ауылы шағын амбулаторияға қарап отыр. Ауырып ем іздегендер алыстағы аудан орталығы мен қалаға сабылуға мәжбүр. Дәрігердің жоқтығынан түрлі қайғылы жағдайлар да жиіледі-дейді тұрғындар. Сондықтан жеделдетіп елді-мекендегі бұрынғы емхананы қайта іске қосуды талап етуде.

Аудан орталығынан ең шалғай жатқан елді мекен Тұғылдың бұрын 10 мың тұрғыны болған. Бүгінде сол халықтың жартысы ғана қалған. Тұғылдықтардың тұрақтамауына ауыл емханасының қысқарып, амбулатория болып қалуы да себеп. Үш дәрігері ғана бар медициналық мекеме жеңіл-желпі ем жасағаны болмаса, жұрт негізінен алыс ауданға баруға мәжбүр.

Жадыра Жүнісова, Тұғыл ауылының тұрғыны:
Сал ауыруына шалдыққан балам болғандықтан, баламның алып отырған 45 мыңын мүгедектігіне, 20 мың теңгені ғана айына жол ақысына ғана төлеймін. Ем алу үшін.
Нәзипа Кешубаева, Тұғыл ауылының тұрғыны:
Қанша жас аналар бар. Жас босанған келіншектер мына есік алдына қорғанға босанып қалды. Қанша өлім болды.

Ауыл тұрғындарының талабы - амбулаторияны қайта емхана жасап, екі қабатты ғимаратты толықтай іске қосу. Дәрігерлердің жоқтығынан мұнда кабинеттердің денінде қара құлып ілулі. Ем жасауға қажет құрылғылар да бар, бірақ қолданылмай босқа тұр.

Ержан Жақып, тілші:
Бұрын ауыл емханасы толыққанды жұмыс істеп тұрғанда бір мезетте 20-ға жуық науқас жатып емделетін. Қазір ғимараттың тең жартысы қаңырап. Бөлмелер бос тұр.

Ал, облыстық денсаулық басқармасының мамандары болса, 5 мың халыққа амбулаторияның қызмет етуі, талапқа сай-деп санайды.

Ал індет пайда болғалы халыққа қаралу тіптен қиындаған. Басқасын айтпағанда, тек қарапайым қан талдаулар мен рентгенге түсу үшін де көрші ауылға немесе 150 шақырымдағы аудан орталығына сабылуға мәжбүр. Бұлай жалғаса берсе, шекара шебінде елді мекен халқының көші тоқтамайтын сыңайлы.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу