Түркістан облысында көгілдір отын тұтынатын тұрғын үйлер жаппай тексеріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында көгілдір отын тұтынатын тұрғын үйлер жаппай тексеріледі

01.03.2021

Түркістан облысында бес адамның қазасынан кейін өңірдегі көгілдір отын тұтынатын барлық тұрғын үйлер мен нысандар түгел тексерілмек. Мамандар үйдегі пеш пен құбырларды бір апта ішінде қарап шығуы тиіс. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бүгін барлық аудан-қала әкімдері мен жауапты сала басшыларына осындай тапсырма берді. Аймақ басшысы газ қондырғыларын орнатуда жіберілген қателіктер үшін жауаптыларды жазалау керек деп міндеттеді. Себебі, өңірде жылыту маусымы басталғалы 45 мыңнан астам өрт қауіпсіздігін сақтамаған деректер анықталған. Бүгінде облыстағы 200 мыңнан астам үйге табиғи газ жеткізілген.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:
Бүгіннен бастап барлық әкімдерге де айтамын, осындай газ кірген жерлердің барлығын тексеріп шығыңыздар.

Ал, Ақтөбе облысына қарасты Саркөл елді мекенінде газдан уланып екі адам қайтыс болды. Сондай-ақ Хромтау ауданында иіс тиген тағы екі адам ауруханада жатыр. Алдын ала болжам бойынша, үйдегі пештен ақау шыққан.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу