Қырғыз Президенті қазақстандық БАҚ-қа сұхбат берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырғыз Президенті қазақстандық БАҚ-қа сұхбат берді

01.03.2021

Қазақ пен Қырғыз арасындағы стратегиялық серіктестік бұрынғыдан да арта түседі. Бұл туралы Қырғыз Президенті Садыр Жапаров «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында айтты. Сондай-ақ қос ел арасында талқылауды қажет ететін мәселелер де айтылды.

Қырғыздардың қаңтарда сайланған Президенті Садыр Жапаров ертең Қазақстанға ресми сапармен келеді. Бұл оның Орта Азия елдеріне жасаған алғашқы сапары.

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:
Президент болып сайланғаннан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы алғашқылардың бірі болып мені шақырды. Сонда сөз бердім. Орталық Азия мемлекеттері арасында ең алдымен Қазақстанға бара жатқанымның себебінің бірі де сол. Екінші, біз қазақ-қырғыз - бір туған, бауырлас елміз. Бізді екі мемлекеттің көптеген мүдделері біріктіріп тұр.

Қазір Қазақ-Қырғыз арасында шешімін таппаған мәселе жоқ. Ал өзгерістерге байланысты болатын түрлі келісімдер уақытылы жасалып отырады. Қос елді алаңдататын басты мәселе трансшекаралық өзендердің мәселесі. Садыр Жапаров бұл сұрақ жуық арады толық шешімін табатынын айтып отыр.

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:
Қазақстаннан электр энергиясын импорттау мәселесін қарап жатырмыз. Қазақстан жақында келісімін берді. 1 млрд-қа жуық кВт элекр энергиясын бере тұрады импортпенен.

Сұхбат барысында Садыр Жапаров Қырғыз елінде жұмыс істейтін қазақ кәсіпкерлеріне үлкен қолдау болатынын айтты. Ол үшін арнайы ұлттық агенттік те құрылмақ. Сондай-ақ Қырғыз Президенті ертеңгі сапар қос тарапқа да тиімді келісімдерге толы болатынына сенім білдірді.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу