Бүгінгі мерекеге орай жер-жерде түрлі салтанатты шаралар өтіп жатыр. Ал, Елордамызда мейрам апта бұрын басталып кеткен еді. Бірнеше қайырымдылық акциялар ұйымдастырылды.
«Қазақ еліне мың алғыс». Ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдері бүгін Елордадағы осы монументтің алдына жиналды. Алдымен ескерткішке гүл шоқтарын қойып, патриоттық әндерді бірге шырқады. Сөз алғандар тек халқымызға ғана емес, пандемия кезінде аянбай қызмет еткен дәрігерлер мен волонтерлерға да алғыс білдірді.
Наталья Дементьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:Мен үшін мерекенің маңызы өте зор. Өйткені, біз өзге этнос өкілдері Қазақстан жерінде, киелі қазақтың жерінде тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз Сол үшін қазақ халқына ризашылығымызды білдіріп, қазақ жеріне, қазақ халқына алғысымыз шексіз.
Алғыс айту мерекесінің басталғанына - 5 жыл. Осыған орай, биыл ауқымы да кеңейіп, Ассамблея мүшелері апта бойы түрлі шаралар ұйымдастырды. Достық үйінде этножәрмеңке өткізіліп, одан түскен қаражат мұқтаж отбасыларға берілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына азық-түлік жеткізілді.
Шерзот Болатов, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі:Халықты біріктіретін мерекелер ол өте маңызды. Біздің елімізде 100-ден астам ұлт өкілдері өмір сүріп келеді. Олардың барлығы осы елімізге, жерімізге Қазақстанға жалпы халыққа өз алғысын әрқашанда білдіріп келеді.
Көктемнің алғышқы күнімен тұспа-тұс келген мереке елдің бірлігі үшін өте маңызды,- дейді қоғам қайраткерлері. Сондықтан, ассамблея өкілдері игі істер мен ауқымды шараларды алдағы уақытта да жалғастыра бермек.
Амангелді Сейітхан