ШҚО-да қар құрсауында қалған 159 жолаушы құтқарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да қар құрсауында қалған 159 жолаушы құтқарылды

01.03.2021

Шығыс Қазақстанда өткен түнде қар құрсауында қалған 159 адам құтқарылды. Олардың 15-і - бала. Жолаушылар қатты боран соққанда тасжолдың бойында қалып қойған. 

Секундына 28 метр жылдамдықпен соққан жел мен тоқтаусыз жауған қардан Семейден Өскемен, Қарауыл және Алматы бағытындағы жолдарда көлік қозғалысы қиындаған. Жолға жауапты мекеме қызметкерлері мен құтқарушылар қарға батып қалған көліктерді сүйреп шығарып, адамдарды жақын елді-мекенге жеткізген. Жолаушылардың бір бөлігі Бұлақ ауылындағы мектепке, қалғаны Семей қаласындағы қонақүйге орналасты. 

Дмитрий Титов, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:
Қазіргі уақытта жолдарда төтенше жағдайлар департаментінің құтқаруға арналған 10 техникасы жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, жол мекемелерінің 240 техникасы бар. Синоптиктер мәліметі бойынша бүгін де аймақта дауылды ескерту жарияланған. Қатты боран соғады, сол себепті тұрғындарды аса қажет болмаса елді мекеннен шықпауды сұраймыз. 

Жалпы, еліміздің бірнеше аймағында ақтүтек боран бүгін де басыла қойған жоқ. Сондықтан сегіз облыста республикалық маңызы бар жолдарды жабуға тура келген. Мысалы, Қарағанды облысында соңғы тәулікте қардың айлық нормасы жауды. 

Ауа райының күрт құбылуы қаланың сырты түгіл, ішінде көлік қозғалысын қиындатып жіберді. Әсіресе, Майқұдықта тұратын жұрт сағаттап жұмысқа кешікті. Орталық көшенің жолын қар басып, көліктер соқтығысуы салдарынан ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Тек соңғы тәулікте қалада 36 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7 адам медициналық көмекке жүгінген. Синоптиктердің болжамы бойынша, өңірде алдағы күндері де қар жауады. Кешегі күнгі боранда жолда қалған 39 адам құтқарылған.

Мерхат Иманқұлов, қала тұрғыны:
Кешелі бері қар жауып, боран соғып бүгін таңертең Майқұдықтан үш сағат жүріп келдік жұмысқа дейін. Қар өте қалың жауған, тазалап үлгермей жатыр.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу