«Ashyq» қосымшасы бойынша үш қалада кәсіпкерлік нысандары ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ashyq» қосымшасы бойынша үш қалада кәсіпкерлік нысандары ашылды

01.03.2021

Көпшілік жиналатын орындар – вирустың өршуіне жол бермей, қауіпсіз түрде жұмысын жалғастыра алады. Осы ретте, «Ashyq» бағдарламасымен үш қалада кәсіпкерлік нысандары ашыла бастады. Бас мемлекеттік санитар Ерлан Қиясов жаңа жүйемен жұмыс істеу жөніндегі құжатқа қол қойды. Жоба туралы бұған дейін де айтылған. Яғни, «Ashyq» мобильді қосымшасы ковидпен ауырғандар туралы ақпарат береді. 

«Ashyq» бағдарламасымен үш қалада кәсіпкерлік нысандары ашыла бастады. Бас мемлекеттік санитар Ерлан Қиясов жаңа жүйемен жұмыс істеу жөніндегі құжатқа қол қойды. Жоба туралы бұған дейін де айтылған. Яғни, «Ashyq» мобильді қосымшасы ковидпен ауырғандар туралы ақпарат береді. Осылайша көпшілік жиналатын орындар – вирустың өршуіне жол бермей, қауіпсіз түрде жұмысын жалғастыра алады.  

Елде 13 мыңнан аса кәсіпкерлік нысан бүгінге дейін жабық тұрды. Салдары зіл батпан. Іскер орта шығынға батты, жүздеген адам жұмыссыз қалды. Бірақ саланы оңалтудың оңтайлы жолы табылды. Бір ай бұрын «Ashyq» сынақ жобасымен фитнес клубтар ашылған. Енді бүгіннен бастап бірқатар көңіл көтеру орталықтарына да рұқсат етілді.  

Мейіржан Жанғожин, боулинг орталығының басшысы:
Қауіпсіз қызмет көрсету бойынша «Ashyq» пилоттық жобасына қатысу біз үшін үлкен мүмкіндік. Қатаң карантин шаралары енгізілгелі бері біздің боулинг орталық жұмысын тоқтатқан болатын. 

«Ashyq» мобильді қосымшасын Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларындағы кәсіпкерлер қолдануда. Аталған шаһарларда 21 қоғамдық тамақтану орыны ашылды. 

Вероника Нұрпейісова, қоғамдық тамақтану қауымдастығы басқарма төрағасының кеңесшісі:
Біз бағдарламаның барлық қалаға енгізілуін күтіп отырмыз. Өйткені пандемия басталғалы бері жабылған фуд-кордтар, банкет залдары мен караокелер жұмысын жалғастыра алады. 

Юрий Тілеумұратов, Боулинг федерациясының төрағасы:
Боулингтің спорт ретінде дамуын қалайтын біз үшін бұл үлкен жаңалық. Себебі, спортшыларымыз 1 жылдан астам уақыт жаттыға алмады. Енді бағдарламаны тездетіп бәрі орнатса, қайта шынығуға болар еді.

«Ashyq» мобильді қосымшасы індеттің кез келген формасын анықтай алады. Оның QR-коды тек бизнес субьектісіне беріледі. Нысанға кіре берісте тіркеу жүргізіліп, онда келушінің инфекцияға қатысты мәртебесі шығады. Жоба жүзеге асқалы 17 адамнан қызыл түс, яғни сырқат белгісі көрінген. Демек, оларға ғимаратқа кіруге тыйым салынады. Жүйеге тіркелгендерге жеңілдіктер бар. Қала қызыл аймаққа енседе шектеу болмайды. 

Қуанышбек Мұқаш, Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
«Ashyq» жобасын қолданатын кәсіпкерлеріміз оған дейінгі сары аймақтың шектеулерімен жұмыс істеуге құқылы болады деп соны күтеміз. 

Сонымен «Ashyq» бойынша алғашқы кезеңде ресепшні бар мекемелер, кейін жоқтары жұмысын бастайды. Ал, соңынан карантиннен бері мүлдем ашылмаған кәсіпкерлік нысандарына рұқсат етіледі.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу