2025 жылға дейін білім мекемелері 100% инклюзивті кабинетпен қамтылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2025 жылға дейін білім мекемелері 100% инклюзивті кабинетпен қамтылады

26.02.2021

2025 жылға дейін барлық білім беру ұйымдары инклюзивті білім беру кабинеттерімен 100 пайыз қамтылады. Министрлік бұл бағытта арнайы бағдарлама әзірлеген. Тәуелсіздік алғалы ерекше балалардың білім алу құқығы шектелген жоқ. Ауыр дертке шалдығып, денсаулығы сыр берген балғындар қандай жағдай болмасын өзге балалармен қатар, жалпы мектепте білім алуға құқылы. Бұл мүмкіндікті кедергісіз жүзеге асыруда инклюзивті білім беру әдісінің ықпалы зор.

Екінші сыныпта оқитын Гауһардың анасы қызының ақыл-ойы кеш дамығанын айтады. Сөйлеуі қиын. 8 жастағы балғын қатарынан қалмай, инклюзивті білім алудың нәтижесінде бұл қиындықтарды еңсеріп келеді. Білім алумен қатар түрлі үйірмелерге де қатысып жүр.

Баян Мырзақұлова, ата-ана:
Балам бұрыңғыдан қарағанда сөздерді анық айтады. Оқушылармен қарым-қатынасы жақсы. Көп өзгерістер бар. Мен осындай орталықтардың болғанына қуанамын.

Инклюзив - баланың жынысына, дініне, ұлтына, қандай да бір кемістігіне қарамастан жалпы білім беруге бейімдеу. Осыдан 10 жыл бұрын мүмкіндігі шектеулі балалар арнайы орталықтарға ғана баратын. 2011 жылдан бастап жаңа заң қабылданып, ерекше балғындар жалпы білім беру мекемелеріне бара бастады.

Лаура Жамалбаева, №76 мектеп-лицейінің ұстазы:
Балалардың ерекшелігін ескере отырып, оларға жеңіл тапсырма беріледі.

Қазір жалпы білім беру ұйымының кешенінде 177 инклюзивті орталық жұмыс істейді. Елімізде 161 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала болса, соның 37000-ы балабақшада, 95000-ы мектепте, 2900 студент колледжде, 3000-ы жоғарғы оқу орнында қатарынан қалмай білім алып жүр.

Әйгерім Күдеренова, ҚР БҒМ Арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту ұлттық–ғылыми практикалық орталығының директоры:
2025 жылға арналған бағдарламада білім беру ұйымдарында 100 пайыз қамту көзделген. Зерттеу бойынша Орта Азияда инклюзивті білім беру бойынша алғашқы орында тұрмыз.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Деседе реттеуді қажет ететін бірқатар мәселе бар. Жалпы, білім беру ұйымдарындағы ұстаздардың білімін жетілдіріп, инклюзивті бағытқа бейімдеудің маңызы зор. Екіншіден ерекше балаларға қосымша білім беретін дефектолог, психолог, логопедтер жетіспейді. Үшіншіден мүгедек балалар еркін жүріп тұруы үшін білім ошақтарында кедергісіз орта құрылуы тиіс. Министрлік бұл мәселелер алдағы 4 жылда түбегейлі шешілетінін айтты.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу