Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын мерекелеу ресми түрде басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын мерекелеу ресми түрде басталды

26.02.2021

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын мерекелеу ресми түрде басталды. Мемлекеттік хатшы, мерейтойды атап өту жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев бүгін елордадағы Жамбыл ескерткішіне гүлшоқтарын қойды.

Бұдан кейін Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрының жаңа ғимаратында мерейтойлық жыл салтанатты түрде ашылды. «Жыр алыбы-Жамбыл» атты театрландырылған қойылым көрерменге ұсынылды. Ақынның баға жетпес мұрасын, өзіндік ерекшелігі мен дарынын ашып көрсететін композицияда оның айтыстары мен шығармалары орындалды.

Еске салайық, Мемлекет басшысының Жарлығымен жыр дүлділінің мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдастырып, мазмұндық деңгейін қамтамасыз ету мақсатында арнайы комиссия құрылған еді. Бұл Жамбылдың бірегей мұрасын терең ұғынып, өр рухты шығармаларын кеңінен насихаттауға ықпал етері сөзсіз.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу