Алматыдағы шағын дүкен иелері әр тауарға құжат толтыру талабынан босатуды сұрайды
Онсыз да карантиннен қажып, шығынға белшесінен батқан кәсіп иелері оған арнайы маман жалдап, техникалық жабдық алуға мүмкіндігіміз жоқ дейді. Жыл басында тауарларға ілеспе жүк құжатын электронды түрде толтыру туралы жоба қабылданған. Бастама 1 шілдеден бастап күшіне енбек.
Карантинде кәсібі тұралап, табысы екі есе азайған шағын дүкен иесі Жаңыл Арыстанова жоба кәсіпкерлер үшін тиімсіз деген пікірде. Себебі, виртуалды қойма жасақтау үшін қосымша құрылғылар орнату керек. Оған қоса әр тауарға құжат толтыруға уақыт тапшы дейді.
Жаңыл Арыстанова, кәсіпкер:Дүкенде 5 мың номенклатура бар. 5 мың дана тауар бар. Оның әрқайсысын біртіндеп жасап отыру үшін біршама уақыт керек. Біз сауда жасаймыз ба, әлде сонымен отырамыз ба?
Бұрынғы тәсілге әбден үйренген кәсіпкерлер электронды есеп жасау үшін маман жалдаймыз ба деп алаңдайды. Оған жағдай жетпесе, жүйені өздері жүргізуіне тура келеді.
Гаухар Айнабекова, кәсіпкер:Біз енді қартайғанда IT саласының маманы болмаймыз ғой. Өзі бір жарым миллионның тауарына мен 3 миллионға виртуальный склад ашам ба?
Жаңа жоба контрабандалық жолмен келетін тауарларды айналымға жібермеуге бағытталған. Себебі, заңсыздық болса оны жүйеге енгізіп, құжат рәсімдеу мүмкін емес. Сондықтан бұл мемлекет үшін тиімді. Дегенмен, экономистер кәсіпкерлердің дайын еместігін, сондықтан, жобаны қабылдауға әлі ерте екендігін айтуда.
Мақсат Халық, UIB бизнес мектебінің директоры, экономист:Бұны арнайы үлкен қалалардан бастау керек. Өйткені, интернет жылдамдығы бар. Ал енді өңірлерде, аймақтарда тіпті интернет те нашар. Ондай жақтарда қалай оны бірден жүзеге асыруға болады? Бизнесқа мүлдем тосқауыл жасамас үшін бұны бірте-бірте, кезең кезеңімен енгізген дұрыс деп есептеймін.
Нұрхан Нұрланұлы, тілші:Мемлекеттік кірістер комитеті талапқа бағынбағандарға айыппұл салынбайтынын айтады. Әрі бұл жоба тауар бағасының қымбаттауына немесе салық мөлшерінің артуына да әсер етпейді. Бастаманың басты артықшылығы – дүкендерге қабылданған тауар түрлері мен оның көлемі жүйеде анық көрсетіледі.
Пилоттық жоба толық бекітілгенше кәсіпкерлерге толыққанды ақпарат беріліп, жүйенің қыр-сыры түсіндіріледі. Сондықтан, алаңдауға еш негіз жоқ дейді мамандар.
Айнұр Сартаева, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:Мемлекеттік кірістер комитетінің youtube арналарында және әлеуметтік желілерде оқыту бейнесабақтары орналастырылған. Бұл жүйелердің барлығы тегін таратылады. Мобильді қосымша бар. Мобильді қосымшаға тіркеліп, электронды цифрлық қолтаңба арқылы жұмыс жасауға болады.
Ілеспе құжат әзірге барлық өнім түріне толтырылмайды. Алдымен акцизделетін тауарларға рәсімдеу міндеттеліп, әрі қарай кезең кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Елде карантин талаптары күшейгенде кәсібі тұралаған шағын және орта бизнес өкілдеріне арнайы салық режимі қабылданды.
Олардың қатарына бөлшек сауда дүкендері, техникалық қызмет көрсету орындары, қонақ үй, саябақ, шаштараз бен сұлулық салоны сынды шағын және орта бизнестің 114 түрі енді.
Жеңілдікке іліккен кәсіпорындар алдағы екі жылда мемлекетке табысының тек 3 пайызын төлейді.
Нұрхан Нұрланұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы