Өңдеу өнеркәсібін өрлетуге басымдық беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңдеу өнеркәсібін өрлетуге басымдық беріледі

26.02.2021

Алдағы уақытта инвестиция тартудың жаңа тетіктері қолданылады. «Өнеркәсіптік саясат» туралы заң жобасында осы жобаға айырықша басымдық берілген. Ал, бұған дейін өңірлердің инвестициялық рейтингі жасалатыны айтылған еді. Бұл соған жауапты облыс әкімдері орынбасарларының негізгі міндетіне айналмақ. Жалпы елде өңдеуші өнеркәсіптің жағдайы қандай? Сенатта өткен үкімет сағатында осы жайлы айтылды.
Мұнай-газ саласы болмаса бюджеттің бүйірі толуы неғайбыл. Былтырғы қатаң карантинге қарамастан қазынаға 11,9 трлн теңге түсті. Бұл шамамен 40%-ын қара алтын құрап отыр деген сөз. Шетел инвестициясы да шикізаттық секторға құйылды. Үлесі-80%. Ал, өңдеуші өнеркәсіптен түсетін пайда туралы мәселе сәл басқаша.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының депутаты:
Өңдеуші өнеркәсіптің бүгінгі хәлін сипаттасақ, негізгі қоры тозған. Шикізат базасы төмен. Тауар өткізу нарығының тарлығы,отандық өнімдердің бәсекеге түсе алмауы және ішкі нарықты сапасыз арзан импорттан сақтау тетіктерінің жоқтығы салаға кері әсер етеді.
Инвестиция тарту көлемі былтырдан бері 32%-ға кеміді. Бұл пандемияның әсері. Бірақ, инвесторсыз экономиканы әртараптандыру мүмкін емес. Сондықтан бірыңғай инвестициялық карта әзірленбек. Онда елде өндірілмейтін шикізат пен оған қажет қосалқы зат үшін баж салығынан босату көзделген. Сөйтіп, терең өңдеу арқылы стратегиялық тауарлар тізімі көбейтіледі.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
Арнайы экономикалық аймақты қолдану мерзімін 25-тен 49 жылға дейін ұзарту көзделген. Мемлекет осы мерзімде әр инвестор үшін инвестицияның көлеміне және жобаның ақталуына қарай жеңілдік топтамасын әзірлейді. Егер жобаны іске асырмаса инвестор сол кезеңдегі барлық салықты қоса төлейді.
Енді «ел ішіндегі құндылық» деген жаңа ұғым енгізіліп жатыр. Бұл ұлттық экономиканың қажеттілігін қамтамасыз етеді. Бұған қатысты мынадай мысал бар. Өзіміз шығаратын мыс орамын өзіміз сатып ала алмаймыз.
Сергей Ершов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Қазақстан темір жолы мыс орамын қыруар қаржыға сырттан сатып алады. Біз өзіміздікін сатуды көтеріп келдік. Бірақ, бос әуре. «Қазақмыс» елге ештеңе дерлік өткізбейді. Мұны қалағандықтан емес, олай жасай алмағаннан. Осыған ұқсас мысалдар өте көп.
Жаңа құжатқа байланысты алдымен өзімізді жарлықап алу басты талап. Ал, аталған тетіктерді қолдану арқылы инвестиция көлемі 2025 жылға қарай 10 трлн теңгеге ұлғаюы тиіс. 700 жаңа жоба іске асып, 105 мыңнан аса жұмыс орны ашылады.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу