Теміртау жұрты суық пәтерде бүрсең қағып отыр. Ал далада аяз күшейіп кетті. Кеше қаладағы №2 жылу энергия орталығында бірнеше қазандық істен шығып, көпқабатты үйлерге жылу мардымсыз беріліп тұр. Жалпы құрышты қалада энергия тапшылығы жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселе. Жылу орталығына қосымша 7-ші қазандық салу қажет.
Руслан Нұрланұлы, тілші:Теміртаудағы «АрселорМиттал» компаниясына қарасты мына жылу энергия орталығында кеше 6 қазандықтың үшеуі бірінен соң бірі істен шығып, соның салдарынан қаладағы көпқабатты үйлерге жылу мардымсыз берілуде. Ал далада ауа температурасы -25 градусқа жетті. Суық пәтерлерінде бүрсең қаққан тұрғындар мұндай жағдай жыл сайын қайталанатыны айтып шағымдануда.
Әсел Күзеубаеваның шиттей үш баласы бар. Отбасы мүшелері электр жылытқышты қосып бір бөлмеге тығылып отыруға мәжбүр. Жылу орталығында қазандықтар істен шыққан соң құбырлар бірден мұздап, үй суып кеткен.
Әсел Күзеубаева, Теміртау қаласының тұрғыны:Жел болған соң суып кеткен шығар деп ойладық. Үйдің іші өте суық. Балаларды киіндіріп, жылытқышты қосып қоямыз. Соның өзінде жылынбайды.
Қазір қаладағы 1 мыңға жуық көпқабатты үйдің қайсына барсаңыз да барлығы азынап тұр. Оларды қайта жылыту үшін жылу орталығы толығымен іске қосылуы керек. Алайда істен шыққан үш қазандықтың бірі бүгін кешқұрым жұмыс істей бастаса, қалған екеуі түнгі 11-ден аса бірақ қосылады.
Владислав Цай, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:Қазандықтар негізінен әбден ескірген. Сондықтан осындай ақау шығып отыр. Оның үстіне қаланы түгел жылумен қамтуға қауқарсыз. Өткен жылы «АрселорМиттал» компаниясы қазандықтарды қалыпқа келтіру, жаңадан 7-ші қазандықты салу бойынша арнайы бағдарламаны әзірлеген. Ол жүзеге асса қаладағы энергия тапшылығы мәселесі шешіледі.
Теміртау ел экономикасына еселі үлес қосып отырған қаһарман қала. Тұрғындардың дені өндірісте еңбек етеді. Құрышты қаланың экологиядан кейінгі жылдар бойы шешілмей келе жатқан ең өткір мәселесі осы – жылу болып тұр.
Руслан Нұрланұлы