Жамбыл облысындағы Билікөл көлі тартылып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысындағы Билікөл көлі тартылып барады

25.02.2021

Жамбыл облысындағы Билікөл көлі құрдымға кетіп барады. Қазірдің өзінде су деңгейі төмендеп кеткен. Айдынға құятын өзеннің арнасын бұрған соң жағдай тіптен қиындады. Жергілікті балықшылар бұл балық популяциясына кері әсер етіп, экологиялық апатқа алып келуі мүмкін дейді.
Сәбит Әлдебай, тілші:
Бұған дейін Билікөлдің жағалауы осы біз тұрған жерге дейін жететін болған. Аса өзені тікелей Ақкөлге тартылғалы бері көлдің суы күн санап тартылып барады. Тіпті көлдің ортасынан жоталар көрініп, аралдар пайда бола бастаған.
Аса өзенінің арнасы бұрылғаннан кейін жағдай ушықты. Қазір көлге тамшы су бармай тұр. Салдарынан деңгейі 1,5 – 2 метрге дейін төмендеп, жағалауы құрғап кеткен. Оның үстіне Жаңаөткел ауылының халқы суды құдықтан тартып ішіп отыр. Көлде су азайса, жер асты сулары да тартылып, елдімекен халқы ауыз судан тарықпақ.
Карп Стягов, балықшы:
 Жағалаудың бәрі қамыс басып кетті. Су төмендеп кеткен. Балық аз. Бізді осы көл асырап отыр. Көлге қайықпен жетудің өзі мұң болғалы тұр. Каналдарды тазартып, суды қайта өз арнасына бұруды талап етеміз.
Еремей Канцев биыл балық болмайтындығын қазірден болжап отыр. 30 жылдық тәжірибесі бар балықшының айтуынша бұл су маржандарының популяциясына кері әсер етеді.
Еремей Канцев, балықшы:
Су өте таяз. Жақында балық уылдырық шашады. Су көбейіп жайылмаса уылдырық күнге кеуіп қурап кетеді. Онсыз да көлді балықтандыру да соңғы кездері сиреп кетті. Шабақ жіберу туралы айтып жатырмыз. Алайда бұған ешкім құлақ асатын емес. Ауға балық бұрынғыдай түспейді. Тіпті кейбір түрлері жойылып та кетті.
Алайда мамандар Билікөлге келер қауіп жоқ деп отыр. Айтуларынша көктемде қар мен мұз сулары ерісе көл 55-60 процентке толуы тиіс. Ал, Аса өзенін амалсыз бұрған көрінеді. Ақкөлде су тартылып тұз көтерілген. Желмен ұшып егістіктер мен жайылымдарды басып жатқан соң жағдайды біршама түзеу үшін жасалған уақытша шара дейді олар.
Нұрлан Несіпбеков, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:
Судың тапшылығына байланысты Билікөлдің суы көтерілмей Ақкөлге су жетпей отыр. Ақкөлдің көлі кеппес үшін Ақкөлге Сұлтан каналы арқылы су беріліп жатыр.
Ақкөлге үш айда 6 миллион текше метр ғана су жиналған. Ал көлдің сыйымдылығы 264 миллион текше метр. Қазіргі қарқынмен оны толтыру үшін әлі бірнеше жыл кетеді. Осылайша бір көлді сақтап қалу үшін жасалған жоба екінші көлге қатер болып төнді.
Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу