Константин Поп: Туған жердің қадірін алыста жүрсең білерсің - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Константин Поп: Туған жердің қадірін алыста жүрсең білерсің

25.02.2021

«Туған жердің қадірін қашық жүрсең білерсің». Бұл өткен ғасырдың аяғында дүрмекпен тарихи Отаным деп Германияға қоныс аударып, көп ұзамай кіндік қаны тамған ауылына қайта оралған Константин Поптың сөзі. Ол Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха ауданында тұрады. Бүгінде егін шаруашылығымен айналысып қана қоймай, ауылда хоккей спортын дамытуға өз үлесін қосуда.

Константин Поп Шығыс Қазақстандағы Зенковка ауылында дүниеге келген. Осы өңірде ер жетіп, шаңырақ көтерді. 1996 жылы басқа туыстарымен бірге тарихи отаным деп Германияға қоныс аударған. Алайда сол күйі жерсіне алмай 8 жылдан соң Қазақстанға қайта оралды.

Константин Поп, Зенковка ауылының тұрғыны:
Германияға көшіп кеткен соң Отан деген сөздің мағынасын ұқтым. Ол жақта өзімді қонақта жүргендей сезіндім, үйрене алмадым. Бұл жерде менің жастық шағым өтті. Туған жердің түтіні де ыстық деген рас.Не керек, ақыры туған жерге қайта оралдық. Мұнда жұмыс істеуге барлық жағдай бар. Қазақстан үлкен мемлекет қой.

Елге оралғаннан бері Константин егін шаруашылығымен айналысып келеді. 3 жыл бұрын туған ауылына 120 млн теңгеге үлкен хоккей модулін салып берді.Көздегені-кезінде дүркіреп аты шыққан зенковкалық хоккейшілердің жаңа буынын тәрбиелеу.

Нұрислам Тілегенов, 10 жаста:
Біздің ағаларымыз осы жерде жаттығып, Алматыға барғанда чемпион болды. Енді біз де чемпион болуға тырысамыз,.

Белағаш ауылдық округіне қарайтын Зенковкада 400-ден астам түтін бар. Елді мекендегі амбулатория мен пошта бөлімшесін жөндеуге басқа жергілікті кәсіпкерлермен қоса Константин Поп та көмектескен.

Дүйсенғали Асаубаев, Белағаш ауылдық округінің әкімі:
Жігіттер жиналып көмек жасады. Амбулаторияны жөндеуге өздері 1,5 миллион теңгедей қаржы салды. Пошта бөлімшесін жөндеуге 5,5 миллион теңге берді.

Кезінде бұл жақтағы біраз адамның үдере көшіп, кейін елге қайта оралуына қазақ жеріндегі береке-бірлік, ұлттар арасындағы татулық себеп болды. Енді олар Константин тәрізді елдің дамуына үлесін қосып, туған жерін одан әрі гүлдендіру үшін еңбек ете бермек.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу