Бірқатар елде карантин қайта күшейтіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірқатар елде карантин қайта күшейтіліп жатыр

25.02.2021

Еуропалық Одақ маңызды емес саяхаттарға салынған шектеулерді тағы ұзартуды жоспарлап отыр. Қарт Құрлықта «ковид» пен оның жаңа түрлерінің өршуі бәсеңдемей тұр. Сондықтан ұйым осындай шешім қабылдамақ. Мұнан бөлек, бүгін Еуропадағы 27 мемлекеттің басшылары екпе төлқұжатын енгізуді талқылайды.

Грекия астанасы Афиныда шектеу шаралары наурызға дейін ұзартылды. Мұнда күніне 2 мыңға жуық адамнан коронавирус анықталуда. Ауруханалардың жан сақтау бөлімдері 90 пайызға толы. Коменданттық сағат пен жұмыс орындарының жабылғанына қарамастан, вирустың таралуы азаймай тұр.

Франция да шектеу шараларын күшейтіп жатыр. Солтүстіктегі Дюнкерк порты ауданында індет өршіп тұр. Бір аптада «британиялық» штамм 900 тұрғыннан табылған. Енді наурыздың 15-не дейін қоғамдық шаралар шектеліп, демалыс күндері көшеге шығуға тыйым салынды.

Ал Украинда «ковидке» қарсы вакциналау басталды. Екпені алғашқы болып дәрігерлер қабылдап жатыр. Ел билігі ресейлік препаратты сатып алудан бас тартып, Үндістанда жасалған AstraZeneca вакцинасының 500 мың дозасын алған. Жалпы елде дертке шалдыққандар саны 1 миллион 300 мыңнан асты.

Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу