Шымкент инвестиция тарту бойынша республикада 2-ші орында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент инвестиция тарту бойынша республикада 2-ші орында

24.02.2021

Шымкентте биыл бұқаралық спортты дамытуға барынша қолдау көрсетіледі. 115 заманауи спорт алаңы салынады, бір стадион мен балалар және жасөспірімдер спорт-мектебі жаттығу кешенінің құрылысы аяқталады. Бұл туралы бүгін қала әкімі шаһардың даму көрсеткіштері туралы халық алдындағы есепті жиынында айтты. Сондай-ақ алдағы үш жылда Шымкент қаласындағы үш ауысымды мектеп проблемасы толығымен шешімін тапқалы отыр. Қазір қалада үш ауысымды 14, апатты 1 мектеп бар. Мұнан бөлек 13 шағын ауданда білім ұясы жоқ болғандықтан балалар шалғайға барып оқып жүр. Осы қиындықты шешу үшін биыл 32 мектептің құрылысы басталмақ. Қала әкімі мегаполистегі инфрақұрылымды жақсарту бағытында атқарылмақ басқа да жұмыстарға тоқталды.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:
2023 жылға дейін халық 100 пайыз сапалы суға, газға. 2025 жылға дейін 100 пайыз сапалы электр қуатына қосылады. Бұдан былай жаңадан тартылатын электр желілерінің басым бөілігін жер астымен жүргіземіз.

Бүгінде энергоресурс тапшылығы қала құрылысының дамуына қолбайлау болып тұр. Сондықтан жаңадан салынып жатқан үшінші – автономды газ тарату станциясы пен Бозарық станциясын сәуір айында тездетіп іске қосу көзделіп отыр. Осындай қиындықтарға қарамастан мегаполисте былтыр экономикаға инвестиция тарту көлемі 41 процентке арты. Нәтижесінде осы көрсеткіш бойынша республикада 17-орыннан екінші орынға шықты.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу