Басты Жаңалықтар «Спутник V» вакцинасын әзірлеген ғалымдардың бірі - қазақ жігіті

«Спутник V» вакцинасын әзірлеген ғалымдардың бірі - қазақ жігіті

Коронавирусқа қарсы әлемде алғаш тіркелген ресейлік «Спутник V» вакцинасын әзірлеген мамандардың бірі- қазақ жігіті. Мәскеудегі Гамалея атындағы ғылыми зерттеу орталығында жұмыс істейтін жас ғалым Ілияс Есмағамбетов - Шымкенттің тумасы. Қатерлі кеселге қарсы препарат ойлап тапқан ғалымдардың ресми тізіміне кірген оқымыстымен Мәскеудегі тілшіміз Индира Бегайдар кездесті.

Ілиястың мамандығы биотехнолог және молекулярлық биолог. Мәскеудегі қолданбалы биотехнология университетінде оқыған. Білімі мен біліктілігінің арқасында Ресейдің Гамалея атындағы ғылыми-зерттеу орталығында жұмыс істеп келе жатқанына он жылдан асты. «COVID-19» алғаш Қытайда анықталған кезде, бірден вакцина жасауға кіріскен.

Ілияс Есмағамбетов, Н.Ф. Гамалея атындағы ғылыми- зерттеу орталығының қызметкері:
Аз уақытта сапалы вакцина жасау керек болды. Ол мүмкін еместей көрінді. Дегенмен көп еңбек еттік, аптасына жеті күн, 10, 12 сағаттан жұмыс істеп, мақсатымызға жеттік. Өзіміз жасаған соң, алдымен вакцинаны өзіме салдырдым.

Жас ғалым диссертациясын аденовирустық векторлардың тұмауға қарсы қорғаныш қасиеттері тақырыбына арнапты. Ізденісі, табандылығы нәтижесіз емес. Бүгінде биология ғылымдарының кандидаты. Швейцарияда атақты ғалымдармен бірге тәжірибеден өткен.

Ілияс Есмағамбетов, Н.Ф. Гамалея атындағы ғылыми- зерттеу орталығының қызметкері:
Болашақта гендік терапияға пайдалы препарат шығарғым келеді. Бұл ғылым саласындағы қарқынды дамып жатқан бағыттардың бірі. Болашақта мен шығарған дәріні тіркейді деген үміттемін.

Үйрене білген үйрете біледі. Ілиястың әкесі Болат Саухымұлы Ресейдегі танымал Бауман университетінің түлегі. Аэроғарыш технологиялары саласының білгірі қазір Шымкентте тұрады. Ғибраты мол әкеге ұқсап баққан Ілияс бала күнінен ғылымға құштар болыпты.

Болат-Батыр Есмағамбетов, Ілиястың әкесі:
Мектепті бітіргенде айтқанмын, саған жәрдем берейін бе? Бауман атындағы университетке түсесің ба деп айтқанда, ол маған былай деді: «Жоқ, әке, өз өмір жолымды өзім ұйымдастырамын деді». Магистратураны да, аспирантураны да өз күшімен оқыды.

Ілияс Есмағамбетов Мәскеуде тұрғанымен, Қазақстанда жиі болады. Елге келіп, ғылымға бет бұрам деген ғибратты жастармен кездесіп, ақыл-кеңесін айтып, жол көрсетуге әзір. Оның арманы асқақ. Болашақта отандастарымен бірге ортақ жобаларды жүзеге асыруды көксейді.

Индира Бегайдар


Бөлісу