СҚО-да боранда жоғалған 5 адам табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да боранда жоғалған 5 адам табылды

24.02.2021

Кешегі ақпанның ақ түтек бораны еліміздің солтүстігіндегі жұртты біраз әуре-сарсаңға салды. Қостанай облысында электр желілері үзіліп, бірнеше елді мекенде жарық сөнген. Қатты жел көпқабатты тұрғын үйдің шатырын жұлып кетті. Сондай-ақ боранда далаға шығып із-түзсіз жоғалған бір адам әлі табылмай жатыр.

Қостанай облысында боран кезінде қарға батып жолда қалған 17 көлік шығарылып, 117 адам құтқарылды. Оның бесеуі - бала. Құтқарылғандардың ешқайсы дәрігер көмегіне жүгінбеген. Ал аудан орталығы Қарабалық кентінде қатты жел көпқабатты тұрғын үйдің шатырын жұлып кетті. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Ал Меңдіқара ауданының Молодежный ауылының тұрғыны кешегі ақ түтекте үйінен қораға шығып, қайта оралмаған. Із-түзсіз жоғалған азаматты қазір полиция, құтқарушылар және волонтерлар іздестіріп жатыр.

Ризабек Қабылбеков, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
Ауа райының бұзылатыны жөнінде дер кезінде хабарланғанымен, көптеген тұрғындар ескертуді елемейді. Сөйтіп көз көрсетпес боранда жолға шығып, түрлі келеңсіз жайларға ұшырап жатады. Біз азаматтарды өздерінің және жақындарының басын қатерге тікпеуге, жауапты болуға шақырамыз.

Солтүстік Қазақстан облысында боранның кесірінен электр қуатынан ажырап қалған 18 ауылдың әзірге үшеуіне ғана жарық берілді. Сондай-ақ, кешегі ақ түтек боранда өңірде 5 адам жоғалған. Есіл ауданының Явленка ауылы маңында жылқы қарауға шығып адасқан 17 жастағы жігіт, елді мекеннен 4 шақырым жерден табылды. Тайынша ауданындағы Сүгірбай мен Чкалов ауылдарының арасында адасып кеткен малшы, ертеңіне таңертең үйге өзі оралған. Ал, Есіл ауданына қарасты Амангелді ауылының екі тұрғыны кешкісін мал қарауға шығып, адасып орманды паналапты. Олар да бүгін құтқарылды. Бәрі де дін аман.

Ақмола облысында боранда жолда қалған 40 адам қауіпсіз жерлерге жеткізілді. Олар уақытша жылыну бекеттеріне орналастырылды. Көбі жолдардың жабылуына байланысты сапарларын тоқтатуға мәжбүр болғандар. Қар құрсауында қалып, жолдың ашылуын күткен жүргізушілерге ыстық тамақ берілді.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу