Мобильді қосымшалар арқылы жүргізілетін төлемдер бақылауға алынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мобильді қосымшалар арқылы жүргізілетін төлемдер бақылауға алынады

23.02.2021

Қазақстанда мобильді қосымша арқылы жасалатын аударымдар бақылауға алынады. Яғни, салық салынуы мүмкін. Қазір жаңашылдық қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Естеріңізде болса, ақша аударымдарынан салық ұстау мәселесі былтыр да көтерілген. Бірақ, Президент пәрменімен бұл жұмыстар уақытша тоқтаған еді.

Дарын Сағитов, тілші:
Міне қазір кез келген дүкенге кіріп, мобильді қосымша арқылы төлем жасап, қалаған тауарыңызды алып жүре бересіз. Қызмет көрсету саласында да солай. Ақша кәсіпкердің қалтасына түседі. Ал бюджетке салық түспейді.

Аударым арқылы сауда жасау елімізде қарқын алып келеді. Үкімет тұтынушыдан кәсіпкерге түсетін ақшаны тез арада фискалдандыру маңызды дейді. Әйтсе де жаңашылдықты жұрт жатырқай қабылдап отыр. Мәселен, халық арасында жеке аударымдарға да салық салынады деген ақпар тараған.

Қаржы министрлігі өкілдерінің айтуынша, салық барлық аударымдарға салынбайды. Бұл тек кәсіпкерлерге қатысты. Шағын және орта бизнес өкілдерінің табыс салығынан босатылғанына орай, бұл тек 2023 жылы қолға алынуы мүмкін. Бұған қоса заң нормаларын бекіту қажет. Екінші деңгейлі банктермен де тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы:
Барлық өкілетті органдар және бизнес өкілдерімен бұл тетіктерді пысықтаудамыз. Халықтан, яғни, жеке тұлғалардан олардың аударымдарынан ешқандай салық ұсталмайды, салынбайды.

Онлайн аударымдарға жұрт үйреніп алды. Тиімді әрі оңай. Бірақ, бұл кәсіпкердің салықтан жалтаруына мүмкіндік болмауы тиіс. Талап осы. Демек, жаңашылдық арқасында көлеңкелі экономика деңгейі төмендейді. Бюджет бүйірі толады.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу