Атырау облысында індеттің кесірінен кәсібі тұралағандар көмек сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында індеттің кесірінен кәсібі тұралағандар көмек сұрайды

23.02.2021

Атырау облысында індеттің кесірінен бизнесі тұралаған кәсіпкерлер жергілікті биліктен көмек сұрайды. Бір жылдан бері қызметі тоқтаған мыңдаған кәсіп иелері банкротқа ұшырап, жабылудың аз-ақ алдында тұр.

Кәсібіміз құрдымға кетті деп шағымданған бизнес илері амалдың таусылғанын айтады. Әсіресе ойын-сауық орталықтары орасан шығынға батты.

Жанаргүл Жолдығұлова, балаларға арналған ойын орталығының басқарушы менеджері:
30-ға жуық адам жұмыссыз отыр. 30 адамның бір-екі кредиті бар. Бала-шағасы бар асырау керек.

Қаладағы бильярд орталықтары да банкрот алдында тұр. Пандемияға дейін 18-і болған. Бүгінде 10-ы ресми түрде жабылып қалды. Қалғаны біржола тақырға отырған. Мәселен, бұл – бір жыл бұрын бизнесі дүркіреген бильярд клубы еді. Алайда, қазір көк тиын кіріс жоқ. Даңғарадай нысанның ішінде алшаң басқан ала мысықтан басқа ешкім қалмаған. Құрылғылардың бәрін шаң басқан.

Азамат Қалжанов, бильярд клубының әкімшісі:
Несиені төлей алмай жатырмыз. Коммуналдық қызметтің өзіне 150 мыңдай төлейміз.

Пандемиядан облыстағы 18 мыңға жуық бизнес субъектісі зардап шекті. Тығырыққа тірелген кәсіпкерлердің мәселесін «Атамекен» палатасы назарға алды.

Абдолла Ідірісов, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры:
Бұл салаларға жалпы санитарлық талаптарды алгоритмге сәйкес рұқсат беру керек. Кейбір облыстарда санврачтар шешім қабылдап, рұқсат берген. Әрі қарай қалай шешу жолдары бойынша санитарлық врачпен келісімсөз жүргізіп қараймыз.
Амантай Жұмағалиев, облыстық мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің орынбасары:
Сақтық шараларын қалай олар ұйымдастырады. Олар нақты ұсыныспен шықса, мүмкін сонда Үкіметте не болмаса денсаулық сақтау министрлігінде бұл мәселе қаралып, шешімін табады деп ойлаймыз.

«Атамекен» кәсіпкерлердің арызы бойынша құзыретті органдармен келіссөз жүргізбек. Егер мәселе жуық арада шешілмесе, жүздеген бизнес нысан жабылып қалуы мүмкін.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу