Биыл 17 млн шаршы метр үй пайдалануға беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл 17 млн шаршы метр үй пайдалануға беріледі

23.02.2021

Жылдар бойы баспана кезегін күтіп, пәтер жалдап күнелткен отбасыларға субсидия төленетін болды. Сондай-ақ төмен пайызбен 9 мыңдай ипотекалық несие берілмек. Оны кімдер, қалай алады? Бүгін Үкіметте тұрғын үй саясатын жетілдіріп, баспана қолжетімділігін арттыру мәселесі қаралды.

Баспанаға мұқтаждар күні бүгінге дейін әкімдікке барып, үй кезегіне тұратын. Енді олай болмайды. «Отбасы банкі» жанынан Пәтермен қамту орталығы құрылып жатыр. Яғни үйге мұқтаждарды есепке алумен де, оларға үйді үлестірумен де осы орталық айналысады. Ресми мәлімет бойынша қазір 550 мыңдай адам кезекте тұр. Олардың біразына баспана биыл берілмек.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
Мемлекеттік инвестициялар есебінен кезекте тұрған 31,3 мың адамды қолдаумен қамту жоспарлануда. 22,5 мың әлеуметтік тұрғын жай салынып сатып алынады. Және де кезекте тұрғандарға 8,8 мың жеңілдетілген қарыздар беріледі.

Ал ипотекалық несиеге де, кезек бойынша баспанаға да іліге алмай қалғандар қайтпек? Олар үшін арнайы субсидия төленеді. Яғни кезегі келгенше пәтер жалдап тұру үшін мемлекет мұндай отбасыларға қаржылай қолдау көрсетеді. Десе де оның талабы бар. Пәтер кезегінде тұру керек және жанұяның табысы жан басына шаққанда ең төменгі күн көріс деңгейі, яғни 34 мың теңгеден аспауы тиіс. Ал субсидия көлемі Нұр-Сұлтанда 90 мың өзге аймақтарда 60 мың теңге. Ал табысы 34 мың теңгеден жоғары отбасылар «2-10-20», «5-10-20» секілді бағдарламаларға қатыса алады.

Жалпы тұрғын үй саясатын жетілдіру үшін ұсыныс көп. Соның негізгілері әлеуметтік үйлерді тұрғызуға қажетті жерлерді мемлекет меншігіне алуды жеңілдету. Үлестік құрылыс бойынша үй салатын компаниялардың рейтингін жасау. Әрі жұрттың тиынын жинап, кейін тақырға отырғызатын компанияларға жазаны күшейту. Бұл 2030 жылға қарай баспанамен қамтуды 1 адамға 30 шаршы метрге жеткізуге жағдай жасайды дейді премьер.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Барлығы осы жылы 17 млн шаршы метр үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл өткен жылға қарағанда 2 млн шаршы метрге көп. Өңірлерде құрылыс маусымен уақтылы бастау маңызды. Жер учаскелерін уақтылы бөлу, және оларға қажетті инфрақұрылымды жеткізіп, тиісті жобалық құжаттаманың болуын қамтамасыз ету қажет.
Досжан Маратұлы, тілші:
Сондай-ақ Үкімет басшысы қол астындағыларға негізсіз қымбатшылықтың алдын алып, құрылыс материалдарын толықтай өзімізде шығаруға жол ашу керек деді. Ал әкімдер тұрғын үй құрылысын қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Өйткені пәтерін асыға күткен адам көп. Әрі кезектегілердің саны жыл сайын 50 мыңға толығып жатыр.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу