Елімізде 276 елді мекенді су басу қауіпі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 276 елді мекенді су басу қауіпі бар

23.02.2021

Елімізде 300-ге жуық елді мекенді су басуы мүмкін. Үкімет отырысында көктемгі тасқынға дайындық туралы баяндаған Төтенше жағдайлар министрі осындай қауіптің барын айтты.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Су басу қауіпі бар аймақтарда 270 мыңнан астам адам тұрады. Оларды су тасқынынан қорғау үшін 2023 жылға дейінгі жаңа Жол картасы бекітілді. Оны іске асыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден 160 миллиард теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Министрдің айтуынша жер-жерде тасқынға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр. 40 мыңға жуық құтқарушы, 13 мыңдай техника, су сору құрылғылары дайын. Ауыл-аймақтарда қар шығару жұмыстары қызып, өзен-көлдердің маңына бөгеттер салынып жатыр. Шұғыл шаралар үшін резервтен 38 миллиард теңге алдын ала қарастырылған. Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрі 41 су қоймасы апатты жағдайда дейді. Оның 11 жөнделген, 10-ы биыл қалыпқа келтірілмек. Биыл қардың мөлшері орташа көрсеткіштен әлдеқайда аз. Десе де күннің күрт жылынуы мен жауын-шашын жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
Қар жамылғысының аздығына қарамастан алдағы күндерде еліміздің оңтүстік, оңтүстік шығысында қатты жауын-шашын күтілуде. Ол өз кезегінде еріген қардың суымен қосылып, тасқынға алып келуі мүмкін. Қазгидромет наурыздан бастап апта сайын негізгі гидрологиялық болжамдарды ұсынады. Әрі су басу қаупінің пайда болуы туралы алдын ала хабарлап отырмақ.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу