Қазақстанда АӘК алатын отбасыларға дәрі қобдишалары таратылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда АӘК алатын отбасыларға дәрі қобдишалары таратылады

23.02.2021
Қазақстанда АӘК алатын отбасыларға дәрі қобдишалары таратылады

Коронавирустың таралуын азайту үшін елімізде АӘК алатын отбасыларға дәрі қобдишасы таратылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметі хабарлады. 

«Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралу деңгейін төмендету мақсатында ағымдағы жылдың маусымына дейін 145 мың медициналық дәрі қобдишасы табысы аз, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларға тегін жеткізілетін болады.

Медициналық дәрі қобдишаларын сатып алуға қаражат Азия даму банкінің гранты есебінен бөлінеді. Дәрі қобдишаларын БҰҰДБ арқылы сатып алу болжанып отыр.

Жиынтықтардың құрамын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі айқындады және оған термометрлер, маскалар, дезинфекциялық құралдар және стероидты емес қабынуға қарсы препараттар кіреді», - делінген хабарламада.

Дәрі қобдишаларын алушыларға жеткізуді қалалық немесе аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері және ауылдық әкімдіктер жүзеге асырады.

Бұл шара материалдық жағдайы қиын, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың экономикалық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, ағымдағы жылдың маусымына дейін Қазақстандағы табысы аз отбасыларға 145 мың медициналық дәрі қобдишасы жеткізілетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 10 шілдесінде ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы табысы аз отбасыларды коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында дәрі-дәрмектермен және алғашқы медициналық қорғау құралдарымен қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Аәк дәрі-дәрмек

Хабарламаларға жазылу