«Спутник-V» вакцинасының 1-ші дозасын ел бойынша 20 мыңға жуық адам қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Спутник-V» вакцинасының 1-ші дозасын ел бойынша 20 мыңға жуық адам қабылдады

22.02.2021

Денсаулық сақтау министрлігінің лауазымды өкілдері бүгін «Спутник V» вакцинасының екінші дозасын салдырды. Олар екпенің алғашқы бөлігін қабылдағалы тура 3 апта уақыт өтті.

Бас санитар Ерлан Қиясов қайтадан коронавирусқа қарсы вакцина алды. Өйткені, медициналық нұсқа бойынша препаратты екі бөліп алу керек. Алғашқысын 21 күн бұрын салдырды. Бүгінгісі екінші дозасы. Енді оның бойында індетке қарсы иммундық қалқан қалыптасты деуге негіз бар.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният та екпені елдің алды болып салдырған еді. Бүгін ол да екінші дозасын қабылдады.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
Жағдайымыз жақсы. Ешқандай жанама әсерін көріп тұрған жоқпыз.  Екінші екпе бүкіл елде салынып басталды. Медициналық қызметкерлер, алдыңғы шепте жасап жүрген жедел жәрдем, қабылдау бөлмесінде жасап жүргендер.

Екпе ел бойынша індеттің алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлерінен басталғаны белгілі. Өйткені, олардың коронавирусты жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары. Дегенмен, мәжбүрлеу жоқ. Әркімнің өз еркі. «Спутник-V» вакцинасының 1-дозасын ел бойынша 20 мыңға жуық адам қабылдады. Олардың арасында ешкім вирус жұқтырған жоқ. Дәрігерлерден кейін педагогтар мен тәртіп сақшылары салдырады. Мұнан кейінгі кезек – студенттерде.

Ерлан Қиясов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитар дәрігер:
Үлкен қызым студент. Сол себептен ол жақында вакцина салдырады. Ал отбасымның қалған мүшелері кезегі келгенде алады.

Елордаға коронавирусқа қарсы вакцинаның 2 мыңнан астам дозасы жеткізілді. Айта кетейік, вакцина кәмелетке толған азаматтарға ғана салынады. Екпе жыл соңына дейін жалғасып, бас-аяғы 6 млндай адам қамтылады деп жоспарланған.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу