Қызылорда облысында бірнеше елді мекеннің халқы қалқымалы көпірмен қатынайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында бірнеше елді мекеннің халқы қалқымалы көпірмен қатынайды

22.02.2021

Қызылорда облысы Шиелі ауданында Сырдарияның үстінен өтетін темір-бетоннан салынған бірде-бір көпір жоқ. Өзеннің арғы бетіндегі бірнеше елді мекеннің тұрғындары орталыққа қалқымалы өткел арқылы қатынауға мәжбүр. Оның өзі бірде бар, бірде жоқ. Дария асау мінез танытса, жол үзіледі.

Әділбек Серікұлы, тілші:
Дарияның арғы бетіндегі жұрт мына қалқымалы көпір арқылы, қалт-құлт етіп әркез жанын шүберекке түйіп өтеді. Көктемде сел жүріп, жазда деңгейі төмен түсіп кетсе, бұл өткелді де алып тастайды. Әбден, жол азабын тартқан Сыр беткейдегі халықтың ең басты мәселесі осы көпір болып тұр.

Қарғалы ауылына жол тартқан автобус лық толы. Шалғайдағы халық аудан орталығынан бір айлық азығын тасып алудың қамына кіріскен. Өйткені, күн жылынып, дариядан сел жүретін күн жақындады. Қалқымалы көпір алынса, ауыл жұрты үшін төте жол жабылып, тұрғындар әбігерге түседі.

Гүлхан Оспанова, Қарғалы ауылының тұрғыны:
Осы көпірден басқа қиыншылығымыз жоқ. Әркім өзімізбен-өзіміз күн көріп жатқан адамдармыз.

Аудан бойынша бес ауыл Сыр беткейде орналасқан. Соның бірде біреуінде жөні түзу көпір жоқ. Ал қалқымалы өткелден өту аса қауіпті.

Қарғалы секілді бірнеше ауылға апарар ортақ көпір салу мәселесі биылғы жылдың жоспарына енбеген. Дегенмен, 10 мыңнан аса тұрғынның талап-тілегі ескерусіз қалмайды дейді, жауапты басқарма басшысы.

Мұрат Тілеуімбетов, облыстық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
Техника-экономикалық негіздемесін жасау. Жоба-сметалық құжаттарын жасау бұның бәрі бір жылдың уақытында бітетін жұмыстар. Біз келесі жылға осы шаруалар біткен уақытта. Келесі жылға республикадан қаржы сұрайтын боламыз. Қаржы алынған жағдайда келесі жылы бастайтын боламыз.

Жалпы облыс аумағында Сырдариядан өтетін 7 қалқымалы көпір бар. Яғни, 30 мыңға жуық тұрғын әлі күнге дейін жол азабын тартып, жанын шүберекке түйіп өзеннен әзер өтіп жүр.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу