Петропавлда көпқабатты үйдегі газ баллон жарылысына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Кеше түс ауа бес қабатты үйдің астындағы дәмханада жойқын жарылыс болды. Салдарынан екі адам қаза тауып, 15-і зардап шекті. Құтқарушылар оқиға онынан 7 газ баллонын алып шықты. Оқиғаның мән жайы анықталуда.
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша 5 қабатты ғимаратқа жапсарластыра салынған дәмханада газ балоны жарылған. Қазір оның орны ғана қалған. Өрт шығып жоғарыдағы пәтерлерге жеткен. Жалпы, өртті толық сөндіруге 3 сағат уақыт кетті.
Жатақхананың үшінші қабатына дейін жалын шарпыған. Өрт күндіз болғанның өзінде жүздеген адамды сыртқа шығару оңайға соқпады. Оқыс оқиға түнде болғанда зардабы одан да ауыр болар еді, жарылыс жойқын болды дейді тұрғындар.
Зардап шеккен 15 адам жедел ауруханаға жеткізілді. Қайтыс болған екі адамның бірі 24 жастағы жігіт – дәмхананы жалға алған кәсіпкер болып шықты. Екіншісі – жұмысшы, 21 жастағы қыз. Ауруханада жатқан үш адамның жағдайы әлі ауыр. Он жастағы баланың хәлі орташа. Жатақхананың өзге тұрғындары жақын маңдағы мектеп пен университеттің жатақханасына орналастырылды.Біразы туысқандарына кеткен.
Руслан Митрофанов, қала тұрғыны:
Осында әкелді бәрімізді кеше кешке. Жарылыс қатты болды. Әлі күнге дейін өзіме келе алмай жүрмін. Мен 5-ші қабатта тұрдым. Үйді қалпына келтіруге жергілікті билік көмек көрсетеді деп ойлаймын.
Зардап шеккен тұрғындарға бір реттік өтемақы төленеді. Көпқабатты үй жергілікті бюджет есебінен жөнделмек. Мұндай қайғылы жағдайды болдармас үшін көпқабатты үйлердің астындағы барлық дәмханалар енді жаппай тексерілмек.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
Тиісті комиссия құрылып, сол комиссияның құрамына прокуратура, ТЖД өкілдері, әкімдік және «Атамекен» палатасының өкілдері кіреді. Кафелерді барлығын тексеретін боламыз. Жалпы заң бойынша осы көпқабатты үйлердің бірінші қабатында орналасқан кафелерде газ баллондарын пайдалануға болмайды.
Жалпы, қаладағы мыңнан артық көпқабатты үйдің 300 -ден астамына газ мүлде тартылмаған. Тиісті органдар енді бірінші қабатта орналасқан дәмханалардың нақты санын анықтамақ.
Сағындық Сәбитұлы