Түркістан облысындағы ауыл тұрғындары он жылдан артық ауыз сусыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы ауыл тұрғындары он жылдан артық ауыз сусыз отыр

19.02.2021

Түркістан облысындағы Шақпақ ауылының тұрғындары он жылдан артық ауыз сусыз отыр. Елді мекенге бұған дейін құбыр тартылған. Алайда сапасыз жұмыстың кесірінен су екі ай ғана берілген. Жазда - арықтың, қыста - өзеннің суына күні қараған шақпақтықтардың бүгінгі жағдайымен тілшіміз Айнұр Ақбаева танысып қайтты.

Ауылға ауызсу келетін күні жергілікті халық тайлы-тұяғына дейін кезекке тұрады. Өйтпесе, сусыз қалады. Оның өзі өзеннің суы, екі күн сайын бес шақырым жерден тасып әкеледі.

Тұрап Жүнісбеков, Шақпақ ауылының тұрғыны:
Кеше екі күндей болды су жоқ, алған жоқпыз. Мына құдықтан ішеміз, қар ерітеміз. Қазір енді каналдың ішін қар басып қалды, су жоқ.

Тұрғындар ауласынан құдық та қазып көрген. Бірақ одан шыққан ащы су ішуге жарамапты. Ал 12 жыл бұрын тартылған құбырлар жарылып, жарамсыз күйде жатыр. Жердің асты суы да жоқ болып кетіпті.

Ғани Момынов, Шақпақ ауылының тұрғыны:
Су шықты, бірақ шыққан су ішуге жарамайды деді ғой.

Сол кездегі барлау жұмыстарын дұрыс жүргізбей, бірден су ұңғымаларын қазған. Яғни, жерасты су қорын толық зерттемей жатып, ауыл ішіне құбыр тартқан дейді мамандар. Осылайша жауаптылардың салғырттығынан мемлекеттің миллиондаған қаржысы талан-таражға түскен.

Бағдат Жанғазиев, аудан әкімінің орынбасары:
Бүгінгі таңда 17 млн ақша қаралып отыр. Су ұңғымасын қазуға. Одан бөлек, 5 млн қаржыға жобалық-сметалық құжаттары жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтеді. Келесі жылы қаржыландыруға ұсынамыз.

Жалпы Бәйдібек ауданында 52 елді мекен бар болса, бүгінгі күні соның тек 41 ғана орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Қалған елді мекендер жерасты және өзен суларымен күн көріп отыр.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу