Елордалықтардың желтоқсан айында жылуға төлеген артық ақшалары қайтарыла бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалықтардың желтоқсан айында жылуға төлеген артық ақшалары қайтарыла бастады

19.02.2021

Елордалықтардың желтоқсан айында жылуға төлеген артық ақшалары қайтарыла бастады. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің қалалық департаменті қайта есептеу жүргізіп жатыр. Бірақ, бұл жалпыға ортақ емес. Яғни, өтініш берген азаматтардың ғана қаржысы қайтады. Ол үшін не істеу керек, қайда жүгінуге болады.

Өткен жылдың соңында жылуға шектен тыс шығындалғандардың бірі - Дастан Қайырбеков. Ол әдеттегіден 2 жарым есе артық ақша төлеген. Жауапты компания не үшін екенін түсіндірмепті. Сондықтан, осы үйде тұратын 300-ге жуық азамат бірігіп, мемлекеттік мекемеге өтініш жазып, жауаптылардың заңсыз әрекетін анықтаған.

Дастан Қайырбеков, қала тұрғыны:
Қараша айында 6-7 мың төлеп отырса, желтоқсан айында 17 мың деп шығарған. 17 мыңнан асып кеткен. Ал жаңа әдіспен есептегенде қазір 8 мыңға айналып отыр.

Яғни, қайта есептелген қаржы енді ай сайын түбіртектен шегеріліп отырады. Ал, осындай заңсыздық жасаған «Астанаэнергосбыт» компаниясына 4 жарым миллион теңге айыппұл салынған. Өйткені бұл мекеме жылуды есептеу құралдарының уақытылы ауыстырылуын тексермеген.

Алтынай Китибаева, Табиғи монополияларды реттеу комитеті қалалық департаментінің бөлім басшысы:
Көбісінің өтініштеріне қарасақ, олардың есептеу құралдары істемей қалған. Сол кезде оларда көрсеткіштер жоқ. Көрсеткіштер болмаған жағдайда бір ай үшін табиғи монополия субъектісі есептеуді орташа есеппен жүргізу керек. «Астанаэнергосбыт» компаниясы орташа есеппен емес, нормамен есептеген. 

Табиғи монополияларды реттеу комитеті өкілінің сөзінше, осы уақытқа дейін тұрғындардан небәрі 10-нан астам өтініш түскен. Олардың бәрі жеке-жеке қаралып жатыр,-дейді. Сондықтан, жылуға негізсіз қаржы төлеген азаматтар қалалық департаментке өтініш жазуы тиіс. Мүмкіндігінше, бір тұрғын үйдің азаматтары бірігіп арызданса, мәселенің шешімі де тез болатынын жеткізді.

Амангелді Сейітхан


Хабарламаларға жазылу