Мақат пен Доссордағы теміржол перрондарын жөндеуге қомақты қаражат керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақат пен Доссордағы теміржол перрондарын жөндеуге қомақты қаражат керек

22.02.2021

Атырау облысындағы Мақат және Доссор кентінде өткен ғасырдың 60-жылдары салынған перрон ешқашан жөндеу көрмеген. Бүгінде нысанның аты бар да заты жоқ. Әбден мүжіліп біткен. Тоғыз жолдың торабында тұрған елдімекен тұрғындары үшін пойыз перроны аса қауіпті болып тұр. Толығырақ тақырыпты Жандос Темірғали сабақтайды.

Теміржолшылар уәдеге әбден тойған. Өйткені, мәселе жылда аяқсыз қалып келеді. Тозығы жетіп, тек қаңқасы қалған ескі перронның қиындығын әсіресе жолаушылар көріп келеді. Талап былай тұрсын қарапайым қағидалар ескерілмеген темір жол өткелі адам өмірі үшін өте қауіпті болып тұр. Әсіресе. ауа райының қолайсыз күндері оқыс оқиғалар жиі болады.  

Қадырхан Орынбаев, жолсерік: 
Көп жерлерде перрондар мүгедек жандарға, үлкен кісілердің мініп түсуіне ыңғайлы. Әсіресе, осы бізде Мақат, Доссор станцияларында қиындау.
Сергей Михайлов, Мақат кентінің тұрғыны:
Үлкен кісілердің мініп түсуіне қиын.

Мақат пен Доссор торабтық станцияға жатады. Жүк тасымалының күретамыры. Күніне 13-ке жуық пойыз өтеді. Ресейден келетін локомотивтер де осы темір жол арқылы 4 халықаралық бағытқа қатынайды. Тәулігіне 300-дей жолаушы сапарлайды. Өңір үшін аса маңызды шойын жолға өткелдің қажеттігі - өткір мәселе, мұны жергілікті билік те мойындайды. Заманауи перрон салынуы тиіс, бірақ бәрі қағаз күйінде қалып келеді.  

Болатбек Сәрсен, Мақат ауданы әкімінің орынбасары:
Бұл жобаның ішінде перрондар талапқа сай жасақталған. Жарықтау. Сонымен қатар, полиция пункті болады ішінде отыратын. Талапқа сай дәретхана, пандус бәрі қарастырылған. 

Аудандық әкімдікке екі бекеттегі перронды бастан-аяқ жаңғыртуға 446 млн теңге ал, вокзал маңын абаттандыру үшін 121 млн теңге ақша керек. Өткен жылы сұраныс берілді. Қаржы бөлінбеді. Биыл тағы да облысқа өтінім жіберілді.  

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу